Мартинес VS Чавес – Кім тауық, кім қораз?

2018 ж. 5 қазан
Мартинес VS Чавес – Кім тауық, кім қораз?

Серхио Мартинес пен Хулио Сезар Чавестің әйгілі текетіресі қайта жалғасуы мүмкін. Жекпе-жек 17 қарашада Лас-Вегаста өтеді деп күтілуде. Дегенмен, Мартинес дайын болғанымен мексикалық жауап бермей отыр.

Қос боксшының бірінші жекпе-жегі сонау 2012 жылы дәл осы Лас-Вегаста өткен. Ол кезде 37 жастағы Мартинес Р4Р королі болатын. Ал Хулио ешкімнен жеңілістің дәмін татып көрмеген, «тепсе, темір үзетін» 26 жастағы жігіт болатын. Бәрі де Чавестің жеңісіне бәс тікті. Мексикалықтың жеңісіне сенімді еді. Алайда, бірінші раундтан бастап тізгінді өз қолына алған Мартинес қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Бұрын өзіне жұдырық тигізіп көрмеген Чавес қанша қорғанса да, бас көтере алмады. Осылайша жекпе-жек соңына жетіп қалған. 12-ші раунд өтіп жатты. Соңғы минуттар. Кенет, Серхио босаңсып қалды ма, әлде Чавес соңғы күшін жинады ма, құлаштай ұрған соққысын аргентиналыққа дәл өткізді. Есеңгіреп қалған Мартинеске толассыз шабуылдар жасап, тізеге отырғызып тастады. Шыны керек, басқа боксшы болғанда, орнынан көтеріле алмай қалар ма еді, бірақ Серхио соңғы күшін жинап, орнынан көтерілді де, соңына дейін төбелесті. Жекпе-жек Мартинестің жеңісімен аяқталса да, бұдан кейін Р4Р королі бұрынғыдай бола алмады. Әлгі нокдауннан кейін тізесін оңбай жарақаттап алған ол тағы екі кездесу өткізді де, Мигель Коттодан жеңіліп, былғары қолғабын шегеге ілді. Былайша айтқанда, 2014 жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Бүгінде жасы 43-те.

Ал «ерке бала» тағы екі рет жеңілді. Поляк Анджей Фонфарадан және Сауль Альварестен таяқ жеді. Бүгінде 32 жастағы мексикалық боксшы былтыр Альвареспен болған айқастан кейін әлі шаршы алаңға шыққан жоқ. Бірақ, Мартинесті жекпе-жекке шақырған өзі. Бәрі әлеуметтік желіден басталған. Өзара сөз таластырып кетті де, ақыр соңында «кім тауық, кім қоразға» басты. Серхионың да қолы қышып жүр екен, бірден «кеттік шаршы алаңға» деді ғой. Сол-ақ екен, Хулио Сезар Чавес радардан жоғалып кетті. Тіпті, бұл кездесуді Эдди Хирннің өзі қолға алып, 17 қарашаға Лас-Вегастағы «Т-Мобайл» кешенін жалдап қойғанына қарамастан мексикалықтан жауап жоқ.

– Серхио дайын, бірақ бәрі Хулио Сезар Чавеске байланысты. Бір күні былай десе, екінші олай дейтін боксшы екен. Нақтылық болмай тұр. Өз тарапымнан жекпе-жекке қажеттінің бәрін дайындап қойдым, – деді Эдди Хирн.

Серхио Мартинес те отқа май құйып жатыр. «Көңілді кеш болатынына сенімдімін. Мен әлі де бабымды жоғалтқан жоқпын. 168 фунт дейсің бе? Оған да көндім», – деп Чавестің намысына тиюде.

Алайда, Чавестің әкесі бұл айқасқа қарсы секілді. «Хулио енді Мартинеспен жекпе-жекке шықпайды. Ешқандай төбелес болмайды. Ұлым 1 желтоқсанда өтетін Тайсон Фьюри мен Деонтей Уайлдердің андеркартына дайындалып жүр», – деп шорт кесті.

Сонымен, кім тауық, кім қораз? Ардагерлердің айқасын көреміз бе?

Текст: Sadvakas Maikibayev