Майки Гарсия Роберт Истерді жеңді, ендігі қарсыласы кім болмақ?

2018 ж. 29 шілде
Майки Гарсия Роберт Истерді жеңді, ендігі қарсыласы кім болмақ?

Лос-Анджелесте өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде америкалықтар Майки Гарсия мен Роберт Истер жеңіл салмақта WBC және IBF чемпиондық белбеулерін сарапқа салып, Майки қос белбеуді еншіледі. Енді ол жартылай орта салмақтағы Эррол Спенспен жекпе-жекке шықпақ.

Екеуі де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген еді. Гарсия кәсіпқой бокстағы 39-шы айқасын өткізді. Ал Роберт үшін бұл 22-ші кездесу еді. Жекпе-жек бірден Майкидің шабуылымен басталды. Шаршы алаң ортасын бергісі келмеген Майки өзінен бойы біршама ұзын қарсыласының бауырына кіріп, жақын қашықтықта жұдырықтасқысы келген. Истер қашып жүріп, көбіне алдыңғы қолын сілтеумен ғана болды. Сондықтан, бастапқы раундтарда Гарсияға Истердің бетін көздеу оңай болған жоқ. Тек үшінші раундта ғана қарсыласының сәл еңкейе қалғанын аңғарған Майки хукпен Робертті жамбасқа отырғызды. Бұл жеңіл нокадаун болғанымен ұзын тұра боксшыны сәл де болса, есеңгіретіп тастағаны анық еді.

Ал бұдан кейінгі раундтарда Истер тек тағы да нокдаунға түсіп қалмаудың қамын ғана ойластырды. Төрешілердің үшеуі де 116-111, 117-110, 118-109 есебімен Майки Гарсияны жеңімпаз деп таныды.

Осылайша, Гарсия өзінің WBC чемпиондық атағына IBF белбеуін де қосты. Енді ол келесі жекпе-жегін желтоқсан айында жартылай орта салмақтағы Эррол Спенске қарсы өткізуі мүмкін. Өз кезегінде Спенстің өзі бұл айқастан кетәрі емес. Ал Гарсия ше? Әлі өз шешімін айтқан жоқ. Жеңіл салмақта екі белбеуді біріктірген боксшы бірден екі салмаққа көтеріле қояр ма екен? Әлде, жарақатын емдеп жүрген Василий Ломаченконы күте ме?

Текст: Sadvakas Maikibayev