Майки Гарсия мен Роберт Истердің чемпиондық жекпе-жегін интернеттен тегін көрсетпек
Американың кабельдік Showtime телеарнасы 28 шілде күні ЛосАнджелесте өтетін кәсіпқой бокс кешін интернет және арнаның «фейсбуктегі» парақшасы арқылы тікелей эфирден көрсететінін жариялады.
Бұл спорт әлеміндегі жаңашыл қадамдардың бірі. PPV жекпе-жегіне лайық айқасты қалың көрермен енді интернеттен тегін тамашалай алады.
Естеріңізге сала кетейік, Лос-Анджелесте өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында шаршы алаңға жеңіл салмақтағы WBC чемпионы Майки Гарсия мен IBF белбеуінің иегері Роберт Истер кездесіп, қос белбеуді біріктіруге тырысады. Жалпы, 30 жасар Майки Гарсия кәсіпқой шаршы алаңға 38 рет көтеріліп, барлығында жеңіске жеткен. 30 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан. Ұзынтұра Роберт Истер де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы. 21 рет айқасып, бәрінде жеңіске жеткен, 14 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Мамандар осы кездесудің қай жеңгені украиналық Василий Ломаченкомен жекпе-жекке шығады деп топшылап отыр.
PPV айқасына лайық бұл жекпе-жекті Showtime телеарнасы интернеттен көпшілікке тегін ұсынбақ. Ол үшін 29 шілде күні Астана уақытымен таңғы сағат 9:00-де Showtime Boxing «фейсбук» парақшасын немесе Showtime Sports «ютуб» арнасын ашуыңыз қажет.