Майки Гарсия мен Мэнни Пакьяоның командалары өзара келіссөздерді бастады

2018 ж. 29 тамыз
Майки Гарсия мен Мэнни Пакьяоның командалары өзара келіссөздерді бастады

Жеңіл салмақтағы WBC және IBF чемпиондық белбеуінің иегері Майки Гарсия мен жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBA чемпионы Мэнни Пакьяо 2018 жылдың соңына қарай өзара жекпе-жек өткізуі мүмкін. Бұл туралы Майки АҚШ-тың испан тілді агенттігі ESPN Deportes сайтына сұхбат берді.

Бір емес, сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған Мэнни Пакьяо соңғы рет шілденің 15-інде шаршы алаңға шығып, жартылай орта салмақтағы WBA чемпиондық белбеуін жеңіп алған. Оның промоутері Боб Арумның айтуынша, Пакьяо енді шаршы алаңда үш жекпе-жек өткізбек. Оның біреуі биылға, қалған екеуі келесі жылға жоспарланған. Потенциалды қарсыластары туралы бұған дейін жазғанбыз. Арасында Майки Гарсияның да есімін атап өткенбіз. Ал енді Майкидің өзі де Пакьяомен төбелесу мүмкіндігін айтып өтті.

– Жылдың соңына дейін шаршы алаңға оралғым келеді. Басты көздеген боксшым – Эррол Спенс. Оны өте мықты қарсылас деп санаймын. Мен үшін үлкен айқас сол болмақ. Эрролдың мықтылығын мойындаймын. Сол үшін де шаршы алаңға шығып, оны құлатуды өзім үшін үлкен абырой санаймын. Дегенмен, оның алдында биыл жыл соңына таман Мэнни Пакьяомен төбелескім келеді. Біз оның командасымен сөйлестік. Олар да қарсы емес, – деді Майки Гарсия.

Дегенмен, Майкидің әкесі, әрі жеке бапкері Роберто Гарсия ұлымен келіспейді. Эррол Спенстен гөрі Василий Ломаченконы мықтырақ санайды.

– Иә, дәл солай. Мен үшін Василий Ломаченко мықты. Бірақ, қандай жағдай болмасын, ұлымды қолдаймын, – деген Роберто алдағы уақытта ұлының кімдермен төбелесін көргісі келетінін айтты. – Ломаченко – өте жылдам, шапшаң, тәжірибелі және шебер боксшы. Мен Майки мен Василийдің төбелесін көргім келеді. Сосын Мэнни Пакьяо. Оның үстіне, Мэнни қазір бос. Ал Эррол Спенспен ең соңында кездескеніміз дұрыс еді. Бірақ, алғашқы екеуіне қарағанда Спенспен келісу оңайырақ болатын секілді.

Кәсіпқой бокста 39 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Майки Гарсия соңғы кездесуінде Роберт Истерден басым түскен болатын.

Текст: Sadvakas Maikibayev