Ломаченконың жаңа рекорды – Линаресті құлатып, WBA чемпионы атанды

2018 ж. 13 мамыр
Ломаченконың жаңа рекорды – Линаресті құлатып, WBA чемпионы атанды

Нью-Йорк төрінде өткен кәсіпқой бокс кешенінде Василий Ломаченко венесуэлалық Хорхе Линаресті нокаутқа түсіріп, жеңіл салмақта WBA чемпионы атанды.

Бұл айқасқа қазірдің өзінде әлемдік мамандар жылдың басты жекпе-жегі деген айдар тағып жатыр. Расымен де солай шығар. Өйткені, биылдыққа әлі мұндай шайқас көрген жоқпыз. Оның үстіне, Ломаченконың тарихында әлі мұндай мықты боксшы кездеспеген. Сол сияқты Линарес те ешқашан Василий сияқты шебер боксшымен жұдырықтаспаған.

Ал жекпе-жек Ломаченконың жылдам шабуылымен басталды. Қолды-аяққа тұрмайтын украиналық боксшы қарсыласын шыр көбелек айналып жүріп, өзінің комбинациялық соққыларын оңай өткізіп жатты. Бірақ, Линарес те мықты боксшы. Ломаченконың жанында баяуырақ көрінгенімен қолының ұзындығын жақсы пайдаланып, қарымта шабуылдарды жақсы ұйымдастырып жатты. Алайда, алғашқы бес раундты өз еншісіне «Хай-Тек» жазды. Тек ойынға беріліп кеткен секілді. Алтыншы раундта Линарестің маңдайдан ұрған соққысынан кейін құйрыққа отырып, көзі алақтаған күйі атып тұрды. Не болғанын өзі де түсінбей қалған сияқты. Бұрын-соңды кәсіпқой бокста бір рет те есеңгіреп көрмеген, ал әуесқойда бір-ақ рет нокдаун алған боксшы үшін Линарестің бұл соққысы оңай тиген жоқ. Жетінші раундта өзінің мәнерін қайта тапқысы келгенімен әлгі венесуэлалықтың да өзіне деген сенімі күшейіп, қарсыласының жылдамдығына ілесіп отырды. Сіздерді қайдам, өз басым 7, 8, 9-раундтарды Хорхенің еншісіне жаздым. Ал оныншы раундта Линарес шаршап қалды. Ломаченко болса, керісінше жылдамдығын күшейтіп, қарқынын үдетіп, сериялық соққыларға көшті. Кенет, Линарестің отырып қалғанын байқадық. Сөйтсек, сериялық соққыларының арасына украиналық боксшы бауырға тиетін жұдырықты тығып қойған екен. Сонысы нәтиже әкелді. Бүктеліп қалған Хорхе сол күйі орнынан тұра алған жоқ.

Ал Ломаченко кәсіпқой бокстағы 12 жекпе-жегінің ішінде үшінші салмақ дәрежесінің чемпионы болып отыр. Мұндай қысқа мерзімде үш салмақты да бағындырған боксшыны бұған дейін көрмеген едім. Әйгілі Флойд Мэйуезерге бұл үшін 30 жекпе-жек қажет болса, Оскар Де Ла Хойя 22 айқастың ішінде үш салмақты бағындырды. Енді бокссүйер қауым Василийдің бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі Майки Гарсиямен айқасын күтеді. Украиналықтың келесі жекпе-жегі тамыздың 25-іне жоспарланған екен. 38 айқасының барлығында да жеңіске жеткен Майки Ломаченкомен жұдырықтасуға келісімін берер ме екен? Бұл жолы украиналық боксшы америкалықты өз салмағында күтетін шығар.

Текст: Sadvakas Maikibayev