Ломаченко – Педраса. Екі чемпиондық белбеу қайсысына бұйырар екен?

2018 ж. 8 желтоқсан
Ломаченко – Педраса. Екі чемпиондық белбеу қайсысына бұйырар екен?

Василий Ломаченко – Хосе Педраса. Жеңіл салмақтағы екі мықты боксшы ертең Нью-Йорк төрінде қолғап түйістіреді. Қай мықтысы WBA super және WBO чемпиондық белбеулерінің иегері атанады. Абсолютті чемпион атануға қайсысы жақындар екен?

Ең тартысты жекпе-жектердің көбісі желтоқсанда өтіп жатады. Себебін сұрамай-ақ қойыңыздар. Түсіндіру қиын. Шамасы, жаңа жылдың қарсаңында жанкүйерлерін жақсы жаңалықпен қуантудың себебі болса керек. Қалай десек те, украиналық Ломаченко мен пуэрто-риколық Педраса арасындағы айқас «Мэдисон Сквер-Гарден» аренасына жиналған барлық көрерменнің айызын қандырары анық.

Екі боксшы да кеше салмақ өлшеу рәсімінен өтіп, қаптаған фототілшілердің алдында көз түйістірді. Таразыға тартылған еді, Василийдің салмағы 60,9 келіні көрсетті. Хосе одан 100 грамға жеңіл. Бір қызығы, екеуін екі бөлек қарағанда байқалмайды ғой, қатар тұрған еді, керісінше Педрасаның бойы сәл ұзын екені байқалды. Рас, ресми деректерде украиналықтың бойы 170 см, пуэрто-риколық одан үш сантиметрге ұзын деп көрсетіліп тұр. Алайда, иығы тік, қанаты кең, жауырыны жалпақ болғанға ма, Хосе расымен де Василийден біршама ірі көрінеді екен. Суретке түскенде де Педраса төбеден төніп тұрғандай көрінді. Дегенмен, ертеңгі жекпе-жекте бойының ұзындығы мен қанатының кеңдігі «пуэрто-риколық Снайперге» қаншалықты көмек бола алар екен?

– Барлық әлемге өзімнің кім екенімді көрсетемін. Менде боксшыға қажеттінің бәрі бар. Техникам да жетілген. 12 раундқа шыдамдылығым да жетеді. Ломаченконы ұта аламын. Шаршы алаңға шыққанда өз жұмысты мүлтіксіз атқарып, нарықтағы бағамды өсіргім келеді. Егер бәрі өзім жоспарлағандай өтсе, онда мен украиналықты жеңе аламын, – деп келтіреді Хосе Педрасаның сөзін BoxingScene сайты.

Алайда, бүкіл әлем бұл айқастың айқын фавориті ретінде Василий Ломаченконы санап жүр. Шамасы, украиналықтың соңғы жеңістері бокс әлемін көрсоқырға айналдырып жіберсе керек. Рас, Ломаченко өте мықты боксшы. Екі дүркін әлем чемпионы. Үшінші жекпе-жегінде-ақ чемпиондық белбеуге қол жеткізген мықты. Boxrec сайты Р4Р рейтингінде 4-ші орында, ал кейбір әлемдік сарапшылар оны өз рейтингтерінде бірінші орынға да қойып жүр. Дегенмен, Педраса да осал боксшы емес. Рас, әуесқой бокста украиналық жеткен биікті бағындыра алмаса да, 2009 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, жартылай финалда ресейлік Альберт Селимовтің өзін тізе бүктірген. Ал сол Селимов әуесқой бокста Ломаченконы ұтқан жалғыз боксшы. Сондықтан, Педрасаны әлсіз дейтіндер қатты қателеседі.

Бірақ, мойындауымыз керек, Ломаченконың шеберлігі қарсыласына қарағанда расымен де бір бас жоғары. «Снайпер» шаршы алаңға 26 рет шығып, біреуінде ғана жеңілгенімен оппоненттерін кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізген украиналықтың қарсыласымен салыстыруға келмейді. Педрасаның ең мықты қарсыласы Джервонта Дэвис болған. Оның өзінде техникалық нокаутпен жеңіліп қалды. Ал соңғы қарсыласы Раймундо Бельтран қанша дегенмен шау тарта бастағандардың қатарынан. Яғни, кәсіпқой бокста Ломаченко секілді Орландо Салидо, Гильермо Ригондо, Хорхе Линарес сынды саңлақтармен кездесіп көрмеген.

Әйтсе де, Линареске қарсы кездесуде оң иығын қатты ауыртып алып, мамырдың соңында пышаққа іліккен Ломаченконың отадан кейінгі бабын, шыны керек, білмейміз. Әлбетте, жаттығу жиыны ойдағыдай өткен. Спаррингтері де аз болмағаны анық. Алайда, спарринг пен ресми жекпе-жекті салыстыруға бола ма?.. Педрасамен төбелесіп жатып, иығын тағы жарақаттап алмасына кім кепіл?.. Мұндай жағдайда Василийге бір қолмен жұдырықтасуға тура келеді. Ал қанша жерден «Хайтек» болса да, бір қолмен төбелесу ешкімге де оңай болмасы анық.

Дәл қазір боксшылардың қандай тактика қолданатынын болжау қиын. Дегенмен, қолының ұзындау және жауырының жалпақтау екенін ескерсек, Педраса қарсыласын қасына жақындатпауға тырысатыны сөзсіз. Ал Ломаченко жақын қашықтықта жұдырықтасып, алыстан көздейтін «Снайперді» төбелеске шақыратын болуы керек.

Неде болса, бізді ертең керемет кеш, біздің уақытпен айтар болсақ, тамаша таң күтіп тұр. Ломаченко мен Педрасаның төбелесінен бөлек, тағы екі чемпиондық айқас өтеді. Сондықтан, таңәлекеуіммен теледидар қосуға кеңес береміз. Қуанышымызға орай, бұл жекпе-жекті бізге тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы ұсынбақ. Трансляцияның басталуы сағат 8:00.

Текст: Sadvakas Maikibayev