Ломаченко мен Линарес неге бір ғана белбеуге таласады?

2018 ж. 18 сәуір
Ломаченко мен Линарес неге бір ғана белбеуге таласады?

Мамырдың 12-сі күні Нью-Йорктің Madison Square Gard кешенінде жеңіл салмақтың ең басты жекпе-жектерінің бірі өтеді. Шаршы алаңға украиналық Василий Ломаченко мен венесуэлалық Хорхе Линарес шығады.

Екеуінің белбеулерін қосқанда төрт чемпиондық атақ бар. Мәселен, Хорхе Линарес жеңіл салмақтағы WBA, The Ring және WBC Diamond тұжырымдарының чемпионы. Ал Василий Ломаченконың еншісінде екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBO белбеуі бар.  Дегенмен, мамырдың 12-сі күні сарапқа салынатыны бір-ақ белбеу сияқты. Сарапқа салынатыны – Хорхе Линареске тиесілі жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық белбеуі ғана. Неліктен бұлай? Мәнісін түсіндіріп көрсек.

Біріншіден, Василий Ломаченко екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBO белбеуінің иегері. Ал жекпе-жек жеңіл салмақта өтетіндіктен украиналық ол белбеуінің бәске қоя алмайды.

Екіншіден, WBC Diamond белбеуі 2009 жылдан бері тек арнаулы жекпе-жектердің ғана жеңімпаздарына беріледі. Дегенмен, боксшы келесі кездесулерінде ол белбеуді бәске тіге алмайды. Линарес бұл чемпиондық атақты өткен жылдың наурызында жеңіп алған. Ал жеңіл салмақта WBC тұжырымының толыққанды чемпионы – Майки Гарсия. Ол өткен жылдың шілдесінен бері бірінші жартылай орта салмаққа ауысқан. Тіпті, екі жекпе-жек өткізіп те үлгерді. Сондықтан, егер жеңіл салмаққа оралмайтын болса, WBC Гарсияны чемпиондық атағынан айыруы мүмкін. Мұндай жағдайда чемпиондық белбеу Линареске өтеді. Алайда, алдағы айқасқа дейін бұл процесс жүзеге аспауы мүмкін.

Ал The Ring журналы әлі өз белбеуінің сарапқа салынуына санкция берген жоқ.

Қалай болған күннің өзінде бұл жеңіл салмақтағы ең басты жекпе-жектердің бірі болмақ. Ал қай жеңгені келесі кездесуде америкалық Майки Гарсияға қарсы шаршы алаңға шығуы мүмкін.

Текст: Sadvakas Maikibayev