Ломаченко мен Гарсия жеңіл салмақтың мықтысын қашан анықтайды?

2018 ж. 26 маусым
Ломаченко мен Гарсия жеңіл салмақтың мықтысын қашан анықтайды?

Жеңіл салмақтың ең үздік боксшысы кім? Біреулер украиналық Василий Ломаченко десе, екіншілері америкалық Майки Гарсияның есімін атайды. Демек үздікті өзара шаршы алаңда анықтау қажет сияқты. Әлем күткен бұл айқас қашан өтуі мүмкін?

Соңғы жекпе-жегін мамырдың 12-сінде венесуэлалық Хорхе Линареске қарсы өткізіп, 10-шы раундта нокаутпен жеңген Василий Ломаченко сол кездесуде иығын жарақаттап алған болатын. Жақында ота жасатты. Енді жылдың соңына дейін шаршы алаңға шыққаны былай тұрсын жаттығу да жасай алмайды. Өз кезегінде WBC белбеуінің иегері Майки Гарсия 28 шілдеде Лос Анджелесте IBF чемпионы Роберт Истермен кездеседі. Роберт кәсіпқой бокста 21 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Соның 14-ін нокаутпен ұтқан. Қызық айқас болғалы тұр.

Айта кетейік, жеңіл салмақтағы боксшылардың рейтингінде Василий Ломаченко көш бастап тұрса, Майки Гарсия екінші сатыда. Ал Истер үздік үштікте. Алайда, Гарсия 28 шілдеде жеңіске жететініне сенімді. Тіпті, Майки Ломаченконың да мықтылығын мойындағысы келмейді. «Жеңіл салмақта саған нан жоқ» деген сыңай танытуда.

– Ол жеңіл салмақтың боксшысы емес, – дейді Гарсия украиналық туралы. – Ол Хорхені жеңді. Қайсар да, тәжірибелі қарсыласты ұтты. Дегенмен, мен Линареске қарағанда мықтырақпын. Менің соққым жойқын. Сондықтан, Ломаченкоға қарсы жақсырақ жұдырықтасар едім. Шынын айтқанда, Василийде Линарестен басқа лайықты қарсылас болған жоқ. Гильермо Ригондоға қарсы да, Джейсон Соса мен Мигел Марьягаға қарсы да соншалықты күшті болмады. Бұл жекпе-жектер оның талантын толық ашқан жоқ. Алайда, Линареске қарсы ол жекпе-жек тағдырын толығымен басқа арнаға бұрып жібере алатынын дәлелдеді. Сол үшін де Ломаченко сәл де болса құрметке лайық. Сондықтан, бұл айқас мен үшін қызық болып тұр. Келесі жылдың басты жекпе-жегі екеуміздің арамызда өтеді, – деді Майки Гарсия.

Осылайша, америкалық боксшы Ломаченкомен төбелесуден қорықпайтынын көрсетті.

Текст: Sadvakas Maikibayev