Қыздар қынжылтып, Закир Сафиуллин жеңіске жетті
Күрзі жұдырықты жігіттеріміздің ішінен бірінші болып Амман рингіне Закир Сафиуллин шықты (63 келі). Жеребеге байланысты, ол бірінші айналымда рингке шықпай, бүгін Қытай жігіті Жун Шанмен жұдырық түйістірді. Қарсыласы 3 наурыз күні Катар боксшысын айқын басымдықпен ұтқан болатын.
Бұл жекпе-жек көз арбасудан бастап, мейілінше тартысты өтті. Қытай боксшысы жанкешті екен, жеңіске деген құлшынысы да адам қызығарлықтай болды. Екеуі де үш раунд бойы тізгін тартқан жоқ. Әйтсе де, Закир мол тәжірибесімен және техникалық басымдығымен дәл қазір өзінің деңгейі жоғары екенін дәлелдей білді. Есеп – 4:1 (30:27, 28:29, 29:28, 29:28, 29:28).
Ал кеше шаршы алаңға қыздарымыз шыққан болатын. Өкінішке қарай, Аммандағы Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирі Қазақстан арулары үшін екі бірдей жеңіліспен басталды. Кеше 57 келі салмақ дәрежесіндегі Дәметкен Келімбет Қытай қызы, Рио Олимпиасының күміс жүлдегері Йинь, Цзюньхуамен кездесіп, ұтылып қалды. Қарсыласының тәжірибесі мол екен, дес бермеді – 27:30, 27:30, 27:30, 27:30, 27:30.
Одан кейін 60 келі салмақ дәрежесіндегі Римма Волосенко үндістандық Симранджит Каур Баатхпен жұдырық түйістіріп, есе жіберіп алды. Бірінші раундта ұтылып, екіншісінде есе қайтарғанымен, соңғы үшминуттықта айласын асыра алмады. Есеп – 28:29, 28:29, 28:29, 28:29, 28:29.