Қытайда жекпе-жек өткізуден бас тартқан мұсылман

2020 ж. 26 ақпан
Қытайда жекпе-жек өткізуден бас тартқан мұсылман

Кәсіпқой бокстан IBF және WBC тұжырымдары бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Артур Бетербиев (15-0, 15 КО) және алғашқысы бойынша чемпиондық атақтан үміткер Фаньлун Мэн (16-0, 10 КО) арасындағы жекпе-жектің қай жерде өтетіндігі біраз уақыт жыр болып, «көкпарға» тартылды. Ақыры, 28 наурыз күні Канаданың Квебек қаласында өтетін болып шешілді.

Әу баста, тендерді Қытай боксшысының промоутерлері ұтып алған. Фаньлун Мэннің мүддесін қорғайтын Rejoy Group /Longjoy Sports 1,9 миллион доллар төлейтін болып, осы жекпе-жекті өткізу құқығына ие болған. Әрине, олар Бетербиев – Мэн айқасын өз елдерінде өткізуді қалап, қарастыра бастады. Қызықтың бәрі осы тұста басталды...

Шешен жігіті Артур Бетербиев қарсыласының еліне барудан бірден бас тартты. Мұнысын Қытайда мұсылмандарға зәбір көрсетіліп жатқанымен ұштастырды. Бірақ, шегелеп айтамыз, ресми түрде ешқандай мәлімдеме жариялаған жоқ. Алайда оның мұсылмандар жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшырап жатқан елге аттап баспайтындығы төрткіл дүниеге жария болды.

Әрине, бұл жерде жекпе-жекті ұйымдастырушылар тарапы Бетербиевке чемпиондық атағынан айырылып қалуы мүмкін екендігін көлденең тартқан да болар. Алайда Артур қандай белбеу болмасын, Қытайда жұдырықтаспайтындығын сездірді. Дәл осы мәселені ол чемпиондық атақтан да, белбеуден де жоғары қойды...

Көп ұзамай, Қытай тарапы жекпе-жекті өткізу құқығынан айырылғаны жөнінде ақпарат шықты. Себебі олар IBF талап етіп отырған депозитті (алғашқы жарнаны) дер кезінде төлемеген-мыс. Сөйтіп, Бетербиев – Мэн жекпе-жегін өткізу құқығы екінші тарапқа көшті. Ал шешен боксшысының промоутерлік ұйымы, яғни Top Rank әу баста (тендерге) 1,35 миллион доллар ұсынған екен.

Іле-шала бұл жекпе-жектің Мәскеуде өтуі мүмкін екендігі айтыла бастады. Бірақ ұйымдастырушылар Квебекке тоқталыпты. Кім біледі, екінші тараптың да мүдделері ойластырылып, бейтарап ринг таңдалды ма екен? Оны дөп басып айта алмаймыз. Сөйтіп, Бетербиев – Мэн жекпе-жегі Канададғы Videotron Centre аренасында өтетін болды.

Айтпақшы, бұл жекпе-жекті Қазақстан жанкүйерлері «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ал әзірше біздің сайтымыздың «VIDEO» бөлімінен бұл екеуінің бұрынғы жекпе-жектерінің үзінділерін көрулеріңізге болады. Әрі, 28 наурызға дейін Артур Бетербиев пен Фаньлун Мэн туралы толығырақ жазатын боламыз.