«Крашердің» күйреуі немесе Ковалев енді қолғабын шегеге іле ме?
Атлантик ситидегі айқасты Сергей Ковалев ешқашан ұмытпайтын шығар. Еш қауіп күттірмеген қарсыластан ауыр нокаутпен жеңілді. Бұл жекпе-жектен кейін «Крашер» былғары қолғабын шегеге ілуі де ғажап емес.
Көпшілік Элейдер Альварестен еш қауіп күтпеген. Ковалев үшін жай ғана кезекті қарсыластардың бірі болады деп ойлағаны да рас. Альварес кәсіпқой бокста әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмегенімен ешқашан чемпиондық атаққа таласпаған. Бірінші рет мұндай бақ бұйырды және ол бұл бақты ұстап қала алды.
Шынын айтқанда, бұл жекпе-жек бізге әуесқойлар арасында Алматыда өткен 2013 жылғы әлем чемпионатының финалдық айқасын көз алдымызға әкелді. Аса ауыр салмақ дәрежесінде қазақстандық алып алғашқы екі раундтың қорытындысы бойынша әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовті оңай жеңіп жатқан. Кенет соңғы раундта босаңсып қалып, Меджидовтің жойқын соққысына түсіп қалды да, ауруханадан бір-ақ шықты.
Әлбетте, Альварестің соққысы Магомедтікіндей ауыр емес. Ковалевқа дейін кәсіпқой бокста 23 кездесу өткізіп, соның 11-інде ғана нокаутпен жеңіске жеткен. Бірақ, «Крашермен» болған жекпе-жекте бар күшін жетінші раундқа сақтаған екен. Әйтпесе, алғашқы алты раундтың барлығы Сергейдің еншісіне жазылған. Өзіне өте сенімді болған ресейлік боксшы бірінші раундтан бастап тізгінді қолына алып, бірінші нөмірде жұдырықтасты. Соққылары да өтіп жатты. Құлатуға шамасы жетпесе де, сериялық шабуылдары көрермендердің қошеметіне ие болып жатқан. Ал Альварес көбіне қорғанумен болып, тек қарымта шабуылдарда ғана джеб және хуктармен жауап қатып жатты. Әлбетте, жекпе-жектен кейін Элейдердің бұл төбелесі тактикалық ұстаным болды ма, әлде расымен де, бастапқы раундтарда Ковалевке қарсы айла таба алмады, ол жағын айту қиын. Дегенмен, жекпе-жектің екінші жартысында колумбиялықтың қарсыласына қарағанда тың екенін байқадық. Жекпе-жек жетінші кезеңіне жеткенде Альварес шаршы алаң ортасына қарай ығыса бастады. Соққыға соққымен жауап беріп, алдымен ресейліктің жүйкесін байқап көрді. Ковалев қолы түсіп бара жатқандай екен. Кенет, оң қолымен құлаштап сермеп қалып еді, жұдырығы сол жақ бетіне тиген «Крашер» жамбасқа бір-ақ отырды. Нокдаун. Өз көзіне өзі сенбеген Ковалев рефериді беске дейін санатпай тұрып кетті. Негізі, сәл отыра тұруы қажет пе еді, одан кейін уақыт созғаны абзал еді. Құшақтап алып, клинчке кіргенде, бәлкім екінші нокдаунын алмас па еді. Мұндай мүмкіндіктің енді болмасын түсінген колумбиялық боксшы қайта шабуылға кірісіп, тағы да құлатты. Ал үшіншісінде Ковалевтің өзі жекпе-жекті жалғастыра алмай, отырды да қалды.
Иә, бұл нокаут Сергей Ковалевке Андре Уордтан «таяқ жегенінен» де ауыр болды. «Қартайды» десіп жатыр көпшілігі. Бәлкім солай да шығар. Дегенмен, егер келісімшартта қарымта айқас деген пункт бар болса, онда «Крашерге» жақсылап дайындалып, жарқын жеңіске қол жеткізу қажет. Ал өз күшіне сенбесе, боксты қоя салғаны да дұрыс. Өзі де жекпе-жектен кейінгі сұхбаттарында солай деп жатыр. Қалай десек те, біз енді бұрынғы Ковалевті қайта көрмейміз.