Ковалев VS Шабранский – «Крашердің» соңғы мүмкіндігі

2017 ж. 18 қараша
Ковалев VS Шабранский – «Крашердің» соңғы мүмкіндігі

Қарашаның 25-і күні Нью-Йорктің «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде ресейлік Сергей Ковалев пен украиналық Вячеслав Шабранский шаршы алаңға шығып, жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBO чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Қай боксшы жеңіске жетер екен?

Бұл Сергей Ковалевтің соңғы мүмкіндігі. Андре Уордтан екі жекпе-жекте де жеңіліп, екіншісінде нокаутпен ұтылған Ковалев қазір қиын жағдайда. Жұрт оған сын көзбен қарап, жанкүйерлері теріс айналудың алдында тұр. Бұрынғыдай өзіне деген сенімділік жоқ қазір. Егер осы жолы ұтылып қалар болса, мамандар одан былғары қолғабын шешіп тастауды талап етуі де мүмкін.

Дегенмен, қазір кәсіпқой бокста Андре Уорд жоқ. Ковалевті жеңгеннен кейін бокспен қоштасатынын мәлімдеген. Оның барлық чемпиондық белбеулері бүгінде вакантты. Соның бірі WBO белбеуі. Кезінде бұл белбеуді Уорд «Крашерден» тартып алған. Сондықтан, алдағы айқаста Ковалевке сол белбеуді қайта жеңіп алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Андре Уорд кеткен соң Сергейде қазір жартылай ауыр салмақтың «королі» болуға сәт туды. Өйткені, осы салмақтың рейтингінде көш бастап тұрған Адонис Стивенсонның жасы 40-тан асып барады. Енді бір-екі жылдан кейін ол да былғары қолғабын шегеге ілері сөзсіз. Дегенмен, Шабранскийден жеңіліп қалар болса, Ковалев бар абыройынан айрылып, рингтен басы салбырап шығады. Одан кейін шаршы алаңға шықпауы да ғажап емес. Сондықтан, алдағы айқас «Крашер» үшін аса маңызды.

Шабранский ше? Барлық жекпе-жегін АҚШ-та өткізуімен өзге украиналық боксшылардан өзгешеленетін Слава Шабранский жартылай ауыр салмақта әлемде үздік 20 боксшының қатарына кіреді. Егер былтыр Салливан Баррерадан жеңіліп қалмағанда, үздік ондық, тіпті бестіктің қатарында болуы да ғажап емес еді. Одан басқа жеңілісі жоқ. WBO чемпиондық белбеуі оған да жаңа бағыттар ашып, жаңа белестерге жетелейтінін «Арыстан жүрек» жақсы түсінеді.

Бірақ «Крашерге» Шабранскийдің шамасы жете ме? «Мен Ковалевтің Андре Уордқа қарсы айқасын көрдім. Содан жақсы сабақ алдым. Сенбі күні жеңіс менікі болады», – дейді Вячеславтың өзі.

Ендеше, жеңімпаздың есімін 25 қараша күні білетін боламыз.

 

 

Текст: Sadvakas Maikibayev