Кім қораз, кім тауық немесе Джошуа Уайлдерден қашып жүр ме?
Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі қос чемпион британдық Энтони Джошуа мен америкалық Деонтей Уайлдер арасындағы тартыстың дауы әлі басылмай тұр. Турасын айтқанда, Джошуаның промоутері бұл жекпе-жекті кешеуілдетіп жатыр.
Қарсылас шақ келтірмейтін қос алыптың айқасы биыл өтпейтін сияқты. Келіссөздер сиырқұйымшақтанып кетті. Әу баста Уайлдер 50 миллион евро ұсынып, Джошуаны АҚШ-қа шақырған. Алайда, Энтонидің промоутері Эдди Хирн де қарап қалмай, жекпе-жектің Англияда өтуін талап етті. Бұған америкалық боксшы келісіп отыр. Джошуамен айқасу үшін қайда болса да баруға дайын екендігін білдірді. Бірақ, Хирн тағы да сылтау тапты. Бастапқыда «қыркүйек айында Головкин мен Канело жекпе-жегіне бәсекелес бола алмаймыз. Алыптар айқасын жылдың соңына қалдырған дұрыс» деп аргумент келтірді. Жөн екен дестік. Жылдың соңында болса да, бұл жекпе-жекті көруге асық едік. Алайда, жақында британдық промоутер тағы бір сылтау айтты.
– Дүниежүзілік бокс қауымдастығы бізге талап қойды. Энтони Джошуа келесі кездесуінде ресейлік Александр Поветкинмен шаршы алаңға шығып, WBA чемпиондық белбеуін қорғауы қажет. Ал Деонтей Уайлдермен келесі жылы төбелесеміз, – деді Хирн.
Сол-ақ екен, бүкіл бокс сарапшылары Джошуаға лап берді. «Қашып жүр» дегенге дейін барып жатыр. Бір жағынан қарасаң, сөздерінің жаны бар. Себебі, қай қауымдастық болмасын, белбеулерді біріктіруге бағытталған жекпе-жектерге бұғат болмайды. Қанша жерден міндетті қарсыласы бар болса да, басқа тұжырымның чемпионымен болатын айқасқа басымдық береді. Мұны Хирн да жақсы біледі. Ендеше, оның WBA талабы туралы айтқаны сылтау ғана.
Біздіңше британдық промоутер Энтони Джошуаны Деонтей Уайлдермен төбелестіруге қорқатын сияқты. Жеңіліп қалу қаупі басымырақ. Әйтпесе, бұл жекпе-жек Поветкинмен болатын кездесуге қарағанда екі есе артық пайда әкелетіні жасырын емес.
Бұл жағдай бала кезіміздегі төбелесті еріксіз еске түсіретіні рас. Кішкентайымызда ағаларымыз өзімізбен қатар балаға қарсы қойып, «төбелесесің бе?» деп сұрайтын. «Қорқам» деп айта алмайсың ғой. Алға атып шығасың. Әлгі бала да қорқып тұрса да, онысын білдірмей, жұдырығын түйіп, алдыңа келе қалатын. Бірақ, екі жақ секіріп, бір-бірімізге атыла алмай, ұзақ тұратын едік. Сонда ағаларымыз басымызды түйістіріп, «кім қораз, кім тауық?» дейтін. Батылданып, «Мен қоразбын» дейсің де, қолыңды шарт етіп ұрып, төбелеске кірісіп кетесің. Өкінішке қарай, Джошуа мен Уайлдер текетіресінде «қораз» табылмай тұр. Бәлкім, бұларға біздің бала кезіміздегі ағаларымыз қажет шығар. Әйтпесе, Эдди Хирннан қайыр болмай тұр.