Кейшон Дэвис пен Густаво Лемос жекпе-жегінен не күтеміз?
Қараша айында қазақстандық кәсіпқой бокс жанкүйерлерін тартысқа толы бірқатар жарқын жекпе-жектер күтіп тұр. Аталған айқастарды отандық жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отырғаны белгілі.
Мәселен, қарашаның алғашқы жексенбісінде, яғни 2 қараша күні АҚШ Нью-Йорк қаласында жерлестеріміз бразилиялық Робсон Консейсау (19-2-1, 9 КО) мен америкалық О'Шаки Фостер (22-3, 12 КО) арасында реванш жекпе-жегін тамашалай алады. Боксшылар екінші жеңіл салмақтағы (59 келіге дейін) WBC чемпиондық атағын сарапқа салады.
Келесі айда өтетін ең маңызды жекпе-жектердің бірі – америкалық жас талант Кейшон Дэвис (11-0, 7 КО) пен аргентиналық тәжірибелі боксшы Густаво Лемос (29-1, 19 КО) арасында өтпек. 8 қарашаға жоспарланған бокс кеші Кейшон Дэвистің туған қаласы, АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Норфолк қаласында ұйымдастырылады. Кездесу жеңіл салмақ (61,2 кг-ға дейін) дәрежесінде өтіп, боксшылар 10 раунд жұдырықтасады.
«Ол менің деңгейімдегі қарсылас емес»
Қыркүйек айының басында жекпе-жекті ұйымдастырушы Top Rank екі боксшы арасында кездесу өтетінін ресми жариялаған соң боксшылар алдағы айқас туралы өз ойларын ортаға салған еді.
Кейшон Дэвис: «Норфолкта өскен жігіт ретінде мен бір күні өз қаламда өтетін бокс кешінің негізгі кардында жекпе-жек өткізуді армандайтын едім. Менің бокстағы кумирім – аты аңызға айналған Пернелл Уитакер. Уитакер жұдырықтасқанда қаламыздағы спорт кешеніне жанкүйерлер көптеп жиналатын. Мен де бұл аренаны бұрынғыдай толтырғым келеді. Пернелл менің қаламның ең даңқты спортшысы болатын. Сондықтан оның мұрасын жалғастыру – мен үшін үлкен мәртебе. Густаво Лемос секілді қарымды қарсыласпен жұдырықтасуға, қызықты шоу көрсетуге шыдай алар емеспін».
Густаво Лемос: «Бұл – Кейшон Дэвис үшін үлкен тарихи оқиға екені рас. Өз қаласында, жанкүйерлерінің алдында жұдырықтасады. Ал мен Норфолкке оның бүкіл жоспарын бұзу үшін келемін. Ол дұрыс қарсылас таңдаған жоқ. 8 қарашада ол шындықты біледі. Шынына келгенде, ол менің деңгейімдегі қарсылас емес».
Боксшылардың бүгінге дейін жүріп өткен жолдары қандай?
25 жастағы америкалық Кейшон Дэвис 2019 жылы Панамерика ойындарының және әлем чемпионатының, сонымен қатар 2021 жылғы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Дэвис қазірдің өзінде жеңіл салмақтағы The Ring рейтингінде жетінші орында тұр. Ол бүгінге дейін 12 кездесу өткізіп, соның 11-інде жеңіске жетті. Бір айқасының нәтижесі есепке алынбаған. Карьерасында ол бірінші рет Top Rank ұйымдастыратын бокс кешінің негізгі жекпе-жегінде жұдырықтаспақ. Дэвис ең кейінгі жекпе-жегін 2024 жылдың 6 шілдесінде мексикалық Мигель Мадуеномен жұдырықтасып, 10 раундта жоспарланған айқаста төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен.
28 жастағы аргентиналық боксшы Густаво Лемос (29-1, 19 КО) өте тәжірибелі. 30 жекпе-жек өткізіп, соның 29-ында қарсыластарынан басым түскен. Бір жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татқан. Биыл 24 сәуірде өткен бірінші жартылай орта салмақтағы IBF белдігіне іріктеу жекпе-жегінде Густаво Ричардсон Хитчинстен (18-0, 7 КО) даулы бәсекеде жеңіліп қалған еді. Осыдан кейін ол қайтадан жеңіл салмаққа оралып отыр.