Қазақ түгел – Өзбектен әлемнің күміс жүлдегері үйіне қайтты
Иорданияда өтіп жатқан Азия және Мұхит жағалаулары елдерінің лицензиялық турнирінде ширек финалға шыққан боксшылардың бәрі де анықталды. Әзірше біздің жігіттердің ешқайсысы да ұтылған жоқ. Сегізі де – Токио Олимпиадасының лицензиясынан үмітті, алда – маңызды жекпе-жектер.
Ал Өзбекстан құрамасының бір боксшысы қатардан шығып қалды. 81 келі салмақ дәрежесіндегі Дильшодбек Рузметов екінші айналымда сүрінді. Былтыр ғана әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған (финалда біздің Бекзат Нұрдәулетовтен ұтылған) жас боксшы 1/8-финалында Австралия жігіті Пауло Аукусодан ұтылды (2:3). Үшінші раундта оның ауыр соққысын өткізіп алды...
Айтпақшы, былтыр Бангкокта өткен Азия чемпионатында біздің Василий Левитті екі рет нокдаунға түсірген Корея боксшысы Хьеон Гю Ким де ұтылып қалды (91 келі). Ол Аммандағы лицензиялық турнирдің 1/8-финалында шаршы алаң қожайыны, яғни Иордания боксшысы Хуссейн Яшайшқа есе жіберіп алды (0:5).
Енді ширек финалға қай елдің боксшылары шыққанына көз жүгіртейік:
Қазақстан – 8
Өзбекстан – 7
Үндістан – 6
Иордания, Иран, Қытай – 5
Австралия, Таиланд – 4
Моңғолия, Тәжікстан – 3
Вьетнам, Жаңа Зеландия, Самоа, Филиппин – 2
Бахрейн, Гонконг, Индонезия, Жапония, Корея, Сирия – 1