Канело VS Головкин – Жекпе-жек жайлы бірер сұрақ
Геннадий Головкиннің кешегі жеңілісінен кейін көптеген қазақстандықтардың енді ғана ес жиып жатқаны рас. Ал өз басымда бұл айқасқа байланысты төрт сұрағым бар.
Әнұранымыз неге шырқалмады?
Әнұранға байланысты айқас алдында-ақ талай дау болған. Бәрі өзіміздің Головкиннен екен. «Маңызды айқас алдында тым қатты алаңдатады» деп жекпе-жек алдындағы әнұраннан бас тартқан. Әлемге қазақтың атын танытып, әнұранымызды Америкада шарықтатады деп мақтанып жүргенімізде, мұндай бақыттан өзі айырған секілді. Расымен де, Лас-Вегас төріндегі PPV айқаста қазақтың әнұранын естіп, кеудемізді мақтаныш кернеуші еді. Бірақ, осы күнге дейін гимнің Головкинге кедергі келтіретінін білмеппіз. Біз бейбақ әнұран спортшыға қосымша рух, қуат береді деп ойлап келіппіз.
Головкин неге кейін шегінді?
Былтырғы жекпе-жекте қашып жүрген Канелоға үш төрешінің біреуі 118:110 есебін берген болатын. Расымен де 12 раунд бойы бұрыштан бұрышқа тығылған боксшыға мұндай есептің бергеніне біз де таңғалғанбыз. Ал жекпе-жектен кейін Головкиннің командасы Альвареске осы жағдайды бетіне баса берді. Қарымта айқастың қарсаңында да Геннадий «Егер Канело менімен шаршы алаң ортасында тік тұрып төбелесетін болса, онда жекпе-жек қызықты болады. Бірақ, Канелоның тағы да қашып жүретініне сенімдімін» деп қарсыласының қитығына тиген. Іс жүзіне келгенде бәрі басқаша болып шықты. Альварес артқа шегінген де жоқ. Шаршы алаң ортасына тұрып алды. Былай қарасаң, Головкинге де керегі сол. Қиян-кескі төбелес Геннадийдің пайдасына шешілуі тиіс болатын. Оның соққысына соңғы 10 жылда тек Дэниел Джейкобс шыдаған. Алайда, жерлесіміз шегіне берді. Бәлкім, содан шығар, бір қараған адамға Геннадий жеңіліп жатқан секілді көрінгені де жасырын емес.
Шабуылдары неге аяқсыз қалып жатты?
Жекпе-жектің екінші жартысында жерлесіміз «қамшы басты». Аздап шаршап қалған мексикалық «сары баланы» әбден соқты. Шабуылдары өтіп те жатты. Бірақ, неге екені белгісіз, бәрі де аяқсыз шабуылдар. Жап-жақсы басталған шабуылдарға бір түйін жетпей тұрды. Құдды бір, қарымта соққы өткізіп алам деп сескеніп, сенімсіз шабуылдап жатқан сияқты көрінді. Сізге қайдам, бізге бұл жекпе-жекте жерлесімізге сенімділік жетпей тұрғандай сезілді.
Қалайша 12-ші раунд Канелоның еншісіне жазылды?
11 раундқа әзер шыдаған Сауль Альварестің 12-ші раундта аяғынан әрең тұрғаны көрініп тұрды. Тіпті, бір рет өз аяғына сүрініп, еңбектей басып, құлап та алды. Ал Головкин керісінше, шабуылын тоқтатқан жоқ. Нокаутқа түсірудің соңғы мүмкіндігі екенін сезіп, соңына дейін арпалысты. Бірақ, үш төрешінің екеуі неге екені белгісіз, бұл раундта жеңісті Канелоға беріп жіберді. Егер соңғы раунд жерлесіміздің еншісіне жазылғанда жекпе-жек тең аяқталар еді.