Канело орта салмаққа қайта орала ма?

2018 ж. 16 қазан
Канело орта салмаққа қайта орала ма?

Қыркүйек айының ортасында Лас-Вегаста Геннадий Головкинді жеңіп, орта салмақтың үздігі атанған мексикалық Сауль Альварес келесі айқасын 76,2 келі аясында өткізетін болды. Ол енді қайта орта салмаққа орала ма?

Оның қарсыласы – Рокки Филдинг. Супер орта салмақ дәрежесіндегі WBA regular чемпиондық белбеуінің иегері. 28 рет шаршы алаңға шығып, соның 27-сінде жеңіске жеткен. 15 қарсыласын нокаутқа түсірген. Дегенмен, бір рет ұтылған. Онда да отандасы Каллум Смиттен бірінші раундта-ақ нокаут алған. Жалпы, супер орта салмақтың ең әлсіз чемпионы саналады.

Ал жақында ғана Головкинді жеңіп, WBC, WBA және The Ring чемпиондық белбеулерінің иегері атанып, Деревьянченко VS Джейкобс жұбының жеңімпазымен және Андрэйд – Каутондокваның қай жеңгенімен жұдырықтасып, орта салмақтың абсолютті чемпионы атануғаи мүмкіндік алған Канелоға келесі кездесуінде-ақ жоғары салмаққа көтерілудің не қажеті болды екен?

Әлбетте, Альварестің орта салмақтың шегінен шығып бара жатқанын былтыр-ақ байқағанбыз. Шаршы алаңға көтерілгенде де қарсыластарынан әлдеқайда дәу көрінетіні жасырын емес. Ал былайғы күндері Канелоның таза салмағы 80 келіден асып кететінін әлемдік баспасөздер де талай жазған. Сондықтан, «мексикалық сары бала» супер орта салмаққа көтеріліп, өзінің әлеуетін бір тексеріп көргісі келген секілді. Егер өзін шаршы алаңда жақсы сезінсе, онда орта салмақта 2-3 жекпе-жек өткізіп, түбегейлі супер орта салмаққа ауысуы мүмкін. Өйткені, дәл қазір «мидлвейтте» Риота Мурата, Дэниел Джейкобс, Джермалл Чарло сынды бірді-екілі боксшыдан басқа табысты айқастар қалмады. Ал 76,2 келіде Дэвид Бенавидес деген жаңа жұлдыз өсіп келеді. Крис Юбенкпен де шоу жасауға болады. Каллум Смитті жеңуге де болады, қалтаңды да қампайта аласың. Ал Хильберто Рамиреспен болатын айқастың ақылы трансляциясына күллі мексикалық жанкүйерлер ақшасын аяй қоймас.

Текст: Sadvakas Maikibayev