Кәсіпқой бокстағы қазақ – өзбек текетіресі. Кімнің шоқтығы биік?

2018 ж. 28 мамыр
Кәсіпқой бокстағы қазақ – өзбек текетіресі. Кімнің шоқтығы биік?

Әуесқой бокста бұрыннан өзбектермен бәсекелеспіз. Олимпиада ойындары болсын, Әлем чемпионаты мен «Сары құрлық» додасында болсын, өзбектерден жоғары тұруға тырысамыз. Тіпті, жай ғана турнирлерде де солай. Алтын алмай-ақ қояйық, әйтеуір, ала шапанды ағайындарымызды алға жіберіп алмасақ болғаны. Озып кетсе, кәдімгідей ішіміз ашиды. Алда болсақ, көңіліміз жайланып тұрады. Ал кәсіпқой бокстағы жағдайымыз қалай? Кімнің бәсі жоғары?

Қазақстандағы кәсіпқой бокс дегенде көз алдыңа бірінші кезекте Геннадий Головкин келетіні рас. «Тағы кім бар?» дегенде «Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам, Бекман Сойлыбаев, Батыр Жүкембаев, Али Ахмедов, Данияр Елеусінов…», – деп сайрай жөнелесің. «Бұрынғылардан ше?» деген сұраққа «Василий Жиров, Марат Мәзімбаев, Жанат Жақиянов…», – деп тізіп өтесің. Ал «Өзбекстандағы ең мықты боксші кім?» дегенде бірінші ретте есіңе Руслан Чагаевты аласың. Сондай-ақ, Тимур Ибрагимов та біршама дүрілдеткен. Бірақ, Чагаев сияқты жетістіктерге жете алмады. Қазіргілерінен, шыны керек, ауызға ешкім де ілінбейді.

1997 жыл мен 2016 жыл аралығында шаршы алаңның шаңын шығарған өзбек алыбы Руслан Чагаев кәсіпқой бокста 38 айқас өткізіп, соның 34-інде жеңіске жеткен екен. Бабында тұрған шағында Владимир Кличко мен Александр Поветкиннен ғана ұтылған. Қалған айқастарының барлығында қарсылас шыдатпапты. Тіпті, орыстың «таусоғары» Николай Валуевті де тізе бүктірген. WBA чемпионы болған.

Чагаевтан бөлек, әлемдік деңгейдегі белбеуге ие болған тағы бір өзбек бар. 1994 жыл мен 2009 жыл арасында жұдырықтасқан жеңіл салмақтағы Артур Григорян жайлы айтып отырмыз. 1996 жылы WBO белбеуін жеңіп алып, 2002 жылға дейін 18 рет чемпиондық атағын қорғаған екен.

Қазір де өзбектерде мықты боксшылар жетерлік. Мәселен, жартылай орта салмақтағы Кудратилло Абдукахоров Boxrec сайтының Р4Р рейтингінде үздік 100-дікке кіреді. Сондай-ақ, барлық жекпе-жегінде жеңіске жетіп келе жатқан Азизбек Абдугофуров (11-0, 4КО) бар. Жақында ол Ташкентте өткен кәсіпқой бокс кешінде ресейлік Дмитрий Чудиновтің өзін жеңді. Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі 26 жасар Шохжахон Ергашев 12 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын нокаутқа түсіріпті.

Дегенмен, өзбектер басты үмітті қазақ боксшыларына жақсы таныс, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Шахром Гиясовқа, сол Олимпиаданың жеңімпазы Фазлиддин Гаибназаров пен қола жүлдегері Муроджон Ахмадалиевке артып отыр.

Текст: Sadvakas Maikibayev