Irfin Promotions мүмікіндік берген жас боксшылар
Елімізде кәсіпқой бокс кештерін өткізіп, қазақстандық боксшыларды әлемге таныту мақсатында бірнеше промоутерлік компания өнімді жұмыс істеп келеді. Соның ішінде жуырда ғана кәсіпқой бокс әлеміне қадам басқан отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясын да ерекше атап өткен жөн. Өйткені құрылғанына жыл толмаса да, қазіргі таңда елімізде екі бокс кешін ұйымдастырып, негізінен жас спортшыларға кәсіби рингте өздерін көрсетуге тұрақты түрде мүмкіндік беріп келеді.
Мақсат – жаңа есімдерді іздеу
Irfin Promotions бас директоры Бағдәулет Төреханов та компанияның басты мақсаты – қазақ кәсіпқой боксындағы жаңа есімдерді іздеу, Қазақстанда кәсіби боксқа жаңа серпін беру, кәсіби бокс индустриясын дамыту екенін атап өткен болатын. Жоғарыда айтып өткендей, биыл Irfin Promotions компаниясы екі кәсіпқой бокс кешін өткізді. Алғашқысы 8 маусымда Шымкентте ұйымдастырылса, екінші кеш 21 қыркүйекте Алматыда жоғары деңгейде өтті. Екі бокс кешінде де отандық былғары қолғап шеберлері өнер көрсетіп, шетелдік қарсыластарымен шеберлік байқасты. Ерекше атап өтерлігі, екі кеште де 25 жасқа дейінгі 5 боксшы өнер көрсетті.
Шымкенттегі бестік
Шырайлы Шым шаһардағы кәсіпқой бокс кешінде 21 жастағы Армат Арманұлы, 23 жастағы Әлішер Әбдуәлім, 22 жастағы Калдыбек Қалдан, 25 жастағы Жолдас Жеңісов және 23 жастағы Нұрдос Төлебай өз өнерлерін ортаға салды. Солардың арасында Армат, Әлішер, Қалдыбек дебюттік жекпе-жектерін өткізді. Бірінші орта салмақта (69,9 кг) сынға түскен Әлішер алғашқы раундта-ақ өзбекстандық Сардор Музафаровты (4-12, 2 КО) техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Сондай-ақ, Музафаров үш мәрте нокдаунға түскенін де айта кеткен жөн.
Екінші орта салмақта (76,2 кг) бақ сынаған Арматтың алғашқы қадамы сәтті болмады. Ресейлік тәжірибелі боксшы Никита Горшковпен (6-1, 1 КО) жұдырықтасып, қарсыласына тек төрешілердің шешімі бойынша ғана есе жіберді. Сонымен қатар, 22 жастағы Қалдыбек Қалдан да дебют жасап, өкінішке қарай, қарсыласына жол беріп қойды. 72,6 кг салмақта өнер көрсеткен ол төрт раундта монголиялық Баасандордж Батчулууннан жеңіліп қалды.
25 жастағы Жолдас Жеңісов (7-0, 2 КО) өзбекстандық Шохбозбек Толибджоновтан (2-1, 1 КО) басым түссе, Шымкенттегі кештің басты айқасында жұдырықтасқан 23 жастағы Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО) таиландтық Анусон Тхонглуангті (21-5-1, 16 КО) екінші раундта нокаутқа жіберген еді.
Алматыдағы бестік
Қыркүйекте Алматыда өткен бокс кешінде де 25 жасқа дейінгі бес отандық боксшы өнер көрсетті. Армат Арманұлы, Әлішер Әбдуәлім және Нұрдос Төлебай Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырған екінші кеште шаршы алаңға шықса, оларға бұл жолы алматылық боксшылар – 24 жастағы Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар қосылды.
Шымкентте сәтсіздікке ұшыраған Армат Арманұлының бұл жолы бағы жанды. Ол тәжірибелі Анвар Тураповты (9-5, 6 КО) тізе бүктірсе, Әлішер Әбдуәлім (2-0, 1 КО) 31 жастағы Иракли Джеранашвилиді (16-16-6, 8 КО) жеңді. Ал Нұрдос Төлебай өзбекстандық Улугбек Каюмбоевтан айласын асырды.
Өз қаласында өнер көрсеткен Саматәлі Төлтаев (3-0, 1 КО) ресейлік Магомедрасул Омаровпен қолғап түйістіріп, қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Санатәлі Төлтаев (2-0, 1 КО) Сардар Атакишиевпен (11-2, 8 КО) өткен жекпе-жекте жеңіске жетті.
Ағайынды Төлтаевтар алдағы Irfin Promotions кештерінде өнер көрсетуі мүмкін. 2025 жылы Irfin Promotions жастарды шетелде таныту үшін жаңа боксшыларды іріктеуді жалғастырады.