Хорхе Линарестің Ломаченкодан бес артықшылығы

2018 ж. 8 мамыр
Хорхе Линарестің Ломаченкодан бес артықшылығы

Мамырдың 13-і күні Астана уақытымен таңертең Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде украиналық Василий Ломаченко мен венесуэлалық Хорхе Линарес айқасады. Бәрі де бұл жекпе-жекте «Hi-Tech» жеңеді деп отыр. Дегенмен, бүгінгі тақырыбымызда Линарестің бес артықшылығын тізбектеп өтуді жөн көрдік.

Ломаченко жеңеді деп отырғандардың қатарында осы мақаланың авторы да бар. Әлбетте, ерекше жаратылған бұл боксшы өзінің мықтылығын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Дәл қазір оған жеңіл салмақ дивизиондарында қарсы шыға алатындар да көп емес. Десек те, Хорхе Линарес сол аз боксшылардың бірі. Ендеше қандай бес артықшылығы бар?

Бұл Линарестің дивизионы

2011 жылдан бастап Хорхе жеңіл салмақ дәрежесінде айқасып келеді. Яғни, жеті жылдан бері осы салмақта. Мұнда ол өзін «судағы балықтай» сезінеді. Ал Василий Ломаченко әлі бір ретте 135 фунтта жұдырықтасып көрмеген. Соңғы рет Гильермо Ригондомен 129 фунтта кещдесіпті. Сондықтан, украиналықтың жаңа салмаққа қаншалықты үйренісіп кетерін болжау қиын.

Бойы ұзынның қолы ұзын

Василий Ломаченкомен салыстырғанда Линарестің бойы сәл ғана ұзын шығар, 170 – 173 см. Дегенмен, құлаш сермеуі венесуэлалықтыкі өте кең. Яғни, қолы ұзын. Ал боксшылар үшін бұл үлкен артықшылық. Мәселен, украиналықтың қолының ұзындығы 166 см. болса, Линарес жұдырығын 175 сантиметрге дейін сермей алады. Денесі де аздап ірілеу.

Кәсіпқой бокстағы тәжірибесі

Рас, Василий Ломаченко Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы. Дегенмен, Хорхе Линареспен салыстырғанда кәсіпқой боксқа келгені кеше ғана. Венесуэлалық боксшы 2002 жылдан бері кәсіпқой шаршы алаңда жүр. 17 жасынан бастап айқасып келеді. Осы күнге дейін 47 жекпе-жек өткізіп, соның 44-інде жеңіске жеткен. 27 қарсыласын құлатқан, үшеуінде ғана жеңіліпті. Ал кәсіпқой рингтің табалдырығын 2013 жылдың соңында ғана аттаған Ломач 12-ші рет айқасайын деп тұр.

Линарес – нағыз панчер

Ломаченко – өте ақылды, барлық жағынан жетілген боксшы. Техникасына әңгіме жоқ. Дегенмен, Олимпиада ойындарына қатыспады демесеңіз, Линарестің де шаршы алаңдағы қабілеті украиналықтан кем түспейді. Тіпті, панчерлігі жөнінен асып та түсетін шығар. Соққысы жойқын және аяушылықтан ада.

Линарес соққы қабылдай біледі

Ломаченконың бұрынғы қарсыластарымен салыстырғанда Линарес соққы қабылдаудан қашпайтын боксшы. Яғни, шаршы алаңның ортасында тұрып алып, украиналықпен бірінші раундтан соңғысына дейін айқасуға дайын. Егер Ломач көп жағдайда қорғанысқа көңіл бөліп, шабуылға тек ұрымтал сәтте ғана сериялық ұмтылады. Ал Линарес соққы қабылдап жатып та, өзі соған лайық жауап қатып жатады.

Текст: Sadvakas Maikibayev