Головкиннің келесі кездесуіне арналған ТОП-5 қарсылас

2018 ж. 27 қыркүйек
Головкиннің келесі кездесуіне арналған ТОП-5 қарсылас

Жақында Сауль Альварестен ұтылып қалып, кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған жерлесіміз Геннадий Головкиннің ендігі карьерасының күрт өзгерері анық. Егер Канелоны жеңгенде орта салмақтағы басқа да чемпиондық белбеулерге таласар еді. Ал енді ше? Геннадийді не күтіп тұр? Қандай қарсыластармен төбелесуі мүмкін. Біз Головкиннің келесі кездесуіне осы бес боксшыны лайық көріп отырмыз.

Сауль АЛЬВАРЕС, Мексика (50-1-2, 34КО)

Бәрібір бірінші кезекте Сауль Альварес тұр. Әлбетте, бұл екі боксшының үшінші айқасы былтырғыдай және биылғыдай зор табыс түсірмеуі мүмкін. Оның үстіне, «Голден бойдың» да ендігі талаптары мүлдем бөлек болады. Бірақ, сонда да басқа қарсыластармен болатын жекпе-жектерге қарағанда Канеломен болатын кездесу Головкинге әжептеуір пайда әкелері сөзсіз. Сондықтан, Головкинге бірінші кезекте Альвареспен болатын үшінші айқасқа ұмтылу қажет. Жеңіліп жатса, ештеңе етпейді. Енді жоғалтатын дәнеңе де жоқ. Ал жеңіп жатса, бүкіл атақтарын қайтарып алуға тамаша мүмкіндік.

Риота МУРАТА, Жапония (14-1, 11КО)

Лас-Вегастағы айқастан кейін-ақ Муратаның промоутерлері бірден Головкинге ұсыныс тастап, Жапонияға жекпе-жекке шақырды. Әлбетте, ол жақта Геннадийді аз ақша күтіп тұрған жоқ. Жапондар бұл тұрғыда жомарт келеді. Егер Triple G барлық белбеулерді біріктіру арманынан бас тартуды ойласа, онда көп ойланбай, Күншығыс еліне тартып кеткені дұрыс.

Билли Джо СОНДЕРС, Ұлыбритания (26-0, 12КО)

Барлық белбеулерді біріктіру үшін Геннадий Головкинге түбі Сауль Альвареспен айқасу қажет болады. Бірақ, оған дейін бір-екі өтпелі жекпе-жек өткізгені де дұрыс шығар. Рас, Билли Джо Сондерс оңай шағылар жаңғақ емес. Алайда, бұл «Сығанға» жерлесіміздің шамасы жетуі тиіс. Оның үстіне, егер алдағы айқасында Сондерс WBO атағынан айрылып қалмаса, онда Triple G екеуінің Ұлыбританиядағы чемпиондық жекпе-жегі Головкинге біраз табыс әкелуі мүмкін.

Крис ЮБЕНК, Ұлыбритания (26-2, 20КО)

Рас, кіші Юбенкте бүгінде ешқандай чемпиондық атақ жоқ. Дегенмен, оның дардай аты бар және зор табыс әкеле алады. Шынын айтқанда, анау-мынау чемпиондардан кем емес. Кәсіпқой бокста жоғарыда атаған Сондерс пен Джордж Гроувстан жеңіліп қалғанына қарамастан оны бәрібір жанкүйерлер жақсы көреді. Алайда, ол үшін Головкинге бір салмақ дәрежесіне жоғары көтерілуге тура келеді.

Джеймс ДиГЕЙЛ, Ұлыбритания (24-2-1, 14КО)

Джеймс ДиГейл баяғыдан Головкинді жекпе-жекке шақырып жүр. Кәсіпқой бокста шаршы алаңға шыққалы бері «мидлвейтте» жұдырықтасып жүрген Головкинге де жоғары салмаққа өтетін кез келген шығар. ДиГейл осы айдың соңында АҚШ-та 28-ші айқасын өткізбек. Одан кейін бос. Джеймспен жекпе-жекті 2019 жылдың басында Ұлыбританияда өткізуге болады-ау.

 

Текст: Sadvakas Maikibayev