Головкин толып бара ма?

2018 ж. 16 тамыз
Головкин толып бара ма?

Дүниежүзілік бокс кеңесінің талабы бойынша Triple G мен Канело жекпе-жекке бір ай қалғанда таразыға өлшенді. Бір қызығы, Сауль сәл де болса жеңілдеу болып шықты. Ал Геннадий Головкиннің салмағы бұған дейінгі айқастарында неше болатын еді? Еске түсіріп көрелік.

Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша, чемпиондық атаққа таласатын боксшылар бір ай бұрын таразыға тұрулары тиіс. Олардың салмақтары бекітілген мөлшерден 10 келіге асып кетуге болмайды. Орта салмақ үшін бұл меже – 72,5 келі + 10 келі. Triple G бұл тұжырым бойынша сонау 2014 жылдан бері жұдырықтасып келеді.

Осы аралықта шыны керек, жерлесімізге салмақ орындау еш қиындық тудырмаған. Ең көп келіні 2015 жылдың 21 қаңтарында көрсетті. Мартин Мюрреймен болатын айқастың алдында бір ай бұрын таразыға өлшенген Головкиннің салмағы 78 келіні тартқан еді.

Былтыр дәл осы уақытта 77,1 келі жинап алған екен. «Қозықарын пайда болыпты» десіп жатты сонда жанкүйерлер. Өйткені, оған дейін төрт-бес жекпе-жегінің алдында салмағы 75 келіден аспайтын. Ал кеше 76,3 келіні көрсетсе, оның қарсыласы Канело 75,93 келіні көрсетіп, сәл жеңілдеу болып шықты. Айтпақшы, былтыр Альварес салмақ өлшеуден бас тартқан болатын.

Геннадий Головкиннің соңғы 10 жекпе-жегінің қарсаңындағы 30 күн бұрынғы салмағы

15.09.2018 ж. Сауль Альварес – 167,4 фунт (76,3 келі)

05.05.2018 ж. Ванес Мартиросян – 165,9 фунт (75,2 келі)

16.09.2017 ж. Сауль Альварес – 170 фунт (77,1 келі)

18.03.2017 ж. Дэниэл Джейкобс – 165 фунт (74,8 келі)

10.09.2016 ж. Келл Брук – 165 фунт (74,8 келі)

23.04.2016 ж. Доминик Уэйд – 164 фунт (74,4 келі)

17.10.2015 ж. Давид Лемье – 165 фунт (74,8 келі)

16.05.2015 ж. Вилли Монро – 169 фунт (76,7 келі)

21.02.2015 ж. Мартин Мюррей – 172 фунт (78 келі)

18.10.2014 ж. Марко Антонио Рубио – 165 фунт (74,8 келі)

Текст: Sadvakas Maikibayev