Головкин мен Альварес айқасы қандай жағдайда өтуі мүмкін?
24 раундтан тұрған қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Канело Альварестің текетіресі трилогияға ұласуы мүмкін. Бірақ, қандай жағдайда? Бірге сараптап көрелік.
Лас-Вегастағы айқас аяқталып, Геннадий Головкиннің барлық белбеуі Сауль Альвареске өте салысымен-ақ көпшілік мамандар қос мықты арасындағы үшінші жекпе-жектің өтуі мүмкін екендігін жарыса айтып жатты. Расымен де бұл текетіресте жеңіліп қалған Геннадий Головкин тағы бір мүмкіндікке лайық еді. Мұны «Голден Бой» промоутерлік компаниясының президенті Оскар Де Ла Хойя да айтты. Басқа беделді тұлғалар да Triple G мен Канело арасындағы үшінші кездесуді талап етуде. Төрешілердің шешімімен ұтылған жерлесіміз де, Том Леффлер мен Абель Санчес бастаған оның командасы да тағы бір жекпе-жектен кетәрі емес. Қалаулары да сол. Бірақ, бұл айқастың өтуі мүмкін бе? Мүмкін болса, қандай жағдайда? Ол үшін мына екі факт бір-бірімен сәйкесуі қажет секілді.
Біріншіден…
Бірден айта кетейік, мұндай жағдайда Геннадий Головкинге «Голден Бойдың» барлық талаптарына көнуге тура келеді. Нақты айтқанда, үшінші жекпе-жекте жерлесіміз қазіргідей 40:60 пайызың былай тұрсын, 30 пайыз гонорардың өзін талап етуі қиын. Тіпті, бұрынғы атақ-абыройларының барлығын қайтарып алуы үшін Геннадийге 15 пайызға да келісуге тура келеді.
Екіншіден…
Головкинмен бірінші жекпе-жегінде тең түсіп, екіншісінде жеңісті жұлып алған Канело келесі кездесуін жақын арада өткізе қоймас. Головкин де солай. Екеуіне де ес жию үшін уақыт керек. Әдетте Альварестің шаршы алаңға шығатын келесі датасы 5 мамыр. Бұл Мексиканың ұлттық мерекелерінің бірі «Синко де Майо» мейрамы. Бірақ, Канело бұл күнге басқа боксшыны таңдауы да мүмкін. Ол да, былайша айтқанда, кеудесіне нан піскен адам. Головкинге «сен алдымен өзіңнің қауқарлығыңды дәлелдеп, мықтыларға қарсы екі кездесу өткіз» деп көкіректенуі де ғажап емес.
Міне, осылай. Шынтуайтына келгенде, трилогия сценариі осындай сценарий бойынша өрбіп жатса, таңғалмаймыз.