Головкин IBF айрылды, енді оны не күтіп тұр?

2018 ж. 8 маусым
Головкин IBF айрылды, енді оны не күтіп тұр?

Бүгін Геннадий Головкинге байланысты әлемдік баспасөз беттерінде қатарынан екі жаңалық жарық көрді. Алдымен жерлесіміздің IBF белбеуінен айрылғанын естідік. Іле-шала орта салмақта The Ring журналының белбеуіне ие болғаны туралы ақпарат жетті. Енді ары қарай қалай болар екен?

IBF, яғни Халықаралық бокс федерациясы әлемдегі өз ұстанымына берік бірден-бір бокс қауымдастығы. Головкиннің 6 мамырдағы қарсыласы Ванес Мартиросянды санкциядан өткізбей қойған олар сол кезде-ақ жерлесіміздің осы тұжырым бойынша міндетті қарсыласы Сергей Деревьянченкомен жекпе-жекке шығуын талап еткен. Дегенмен, Triple G олардың талабына көне қоймады. Ақыры болмаған соң IBF кеше Головкиннің белбеуін тартып алды. Енді бұл чемпиондық атақ вакантты. Басты үміткерлер украиналық Сергей Деревьянченко мен америкалықтар Дэниел Джейкобс, Джермалл Чарло және Деметриус Андраде. Халықаралық бокс федерациясы осылардың арасынан алдағы бірер күндері чемпиондық белбеуге кімдердің таласатындықтарын бекітуі тиіс.

Дегенмен, бүгін осы туралы өз ойын «туиттеген» америкалық бокс шолушысы Стив Кимнің пікірімен келіспеске болмас. «Меніңше IBF Головкиннен белбеуді тартып алғысы келген жоқ. Оларды осындай шешім қабылдауға мәжбүрледі», – деп жазды Стив Ким. Расымен де солай сияқты. Өйткені, Сергей Деревьянченконың промоутері Лу ДиБилла «Канелоның» допинг қабылдағаны белгілі болғаннан бастап Халықаралық бокс федерациясынан жекпе-жекті талап етіп, күнде «қылқылдай» берді. Ал өз мәртебесін жоғалтып алмауды көздеген IBF ақыр соңында Геннадийді жазалап тынды.

Бұған кім кінәлі? Деревьянченкоға қарсы шаршы алаңға шықпай қойған Головкин бе, әлде мамыр айындағы «жылдың басты айқасынан» айырған Сауль Альварес пе? Әлбетте, кінәрат мексикалық боксшының жағында. Мұны «Golden Boy» промоутерлік орталығы да жақсы түсініп тұр. Кеше Головкин IBF белбеуінен айрыла сала, Оскар Де Ла Хойя Канелоның беліндегі The Ring белбеуінен шешіп алып, Геннадийге берді. Соған қарағанда қос тарап қыркүйек айында кездесетін болып келіскен секілді. Әйтпесе, Triple G көп ойланбай украиналықпен де жекпе-жек өткізе салуы мүмкін еді.

Сонымен, қыркүйек айында Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы айқасты көретін секілдіміз. Сіз қалай ойлайсыз?

Текст: Sadvakas Maikibayev