Гассиев – Усик жекпе-жегі бұл Ресей мен Украианың текетіресі емес, боксшылардың айқасы
21 шілде күні әлемдік бокссүйер қауымды тамаша текетірес күтіп тұр. Мәскеу төрінде ауыр салмақтағы саңлақтар Олександр Усик пен Мурат Гассиев айқасып, төрт чемпиондық белбеуді, Мұхаммед Әли кубогын және қомақты қаржыны сарапқа салады. Дегенмен, бұл жекпе-жекті қос елдің кейбір жанкүйерлері мен мамандары Украина – Ресей текетіресіне балап, біраз саясаттандырып та жіберді. Бірақ, бізді қызықтыратыны бокс қана.
Әлбетте, мұндай деңгейдегі жекпе-жектің бейтарап елде өткені жақсы еді. Қанша дегенмен, Дүниежүзілік бокс суперсерисының финалы. Дегенмен, кәсіпқой бокс елге, жерге бөлінбейді. Мұнда шекара жоқ. Егер соны түсінсеңіз, демек финалдың Мәскеуде өтетініне сіз де мен секілді беймарал қарайсыз. Оның үстіне, мұндай деңгейдегі жекпе-жектерде бұра тарту болады деу әбестік те шығар. Шынтуайтына келгенде, Усик осы жобаның жартылай финалында Ригада латвиялық Майрис Бриедиспен айқасып, қарсыласының WBC белбеуін тартып алған. Яғни, егер Мәскеуде де Гассиевтен басым түсіп жатса, оған ешкім тұсау бола алмайды.
Бір жағынан Усик Мәскеуде жанкүйерсіз қалады деп те айта алмайсың. Ресей астанасында 150 мыңнан астам украиналықтар тұрады. 35 мыңдық «Олимпийский» кешенін украиналықтар-ақ толытырып тастауы ғажап емес. Ал дағыстандықтардың саны Мәскеуде 10 мыңға жетер-жетпес. Сондай-ақ, Усиктің Ресейде де фанаттары баршылық. Яғни, жанкүйерлер жағынан екі боксшының да жағдайы тең.
Ең бастысы, бізді қызықтыратыны бокс қана. Екеуіне де емес, әдемі бокстың жанкүйеріміз. Олександр мен Мураттың айтып жатқандары да осы. Бір-біріне құрметпен қарайтын екеуі де жанкүйерлерді соған үндеуде.