Гарсия – Ломаченко айқасына кедергі болар алты факт
Майки Гарсия мен Василий Ломаченко. Жеңіл салмақтағы ең мықты боксшылар бүгінде осы екеуі. Украиналықтың еншісінде WBA super және WBO чемпиондық белбеулері бар. Ал америкалық боксшы WBC чемпионы. Дегенмен, қос мықты жақын арада кездесуі мүмкін бе? Сараптап көрелік.
Бұл керемет кездесу. Егер ақылы трансляцияда айқасар болса, Америкада кемі 1,5 млн PPV жинайтыны анық. Алайда, жүз жерден жалын, мың жерден талап ет, өкінішке қарай, бұл жекпе-жекті жақын арада көруіміз неғайбыл. Өйткені…
ESPN телеарнасымен тығыз байланыс орнатып, өзге промоутерлік орталықтарды аталмыш арнаға оңайлықпен жолатпайтын «Топ ранктың» екі жұлдызы бар. Бірі Теренс Кроуфорд болса, екіншісі Василий Ломаченко. Әлбетте Top Rank өзге промоутерлік орталықтармен серіктестікке әрқашан дайын. Алайда, өзге боксшылары бір бөлек, ал Кроуфорд пен Ломаченко кіммен кездессе де, жекпе-жектерін ESPN көрсетуі тиіс. Hi-Tech, тіпті, бір айқасқа да ESPN-ді тастап кетпейді.
Өз кезегінде Мигель Анхель Гарсия бүгінде Эл Хэймонның клиенті. Ал Хэймонды білесіздер, ол басқаратын Premier Boxing Championship Showtime және Fox телеарналарымен тығыз қарым-қатынаста. Яғни, аталмыш арналарда айқасу үшін алдымен Хэймонның алдынан өту қажет. Top Rank секілді Хэймон да өзінің боксшыларын басқа арналарда жұдырықтасуға рұқсат беруі мүмкін. Бірақ, өзінің ең мықты боксшыларының бірі Майки Гарсияны ат басындай алтын берсең де «Шоутаймнан» басқа арнаға жібере қоймас. Тіпті, мұндай жағдайды қарастырмайды да.
Оның үстіне, Гарсия кезінде Top Rank басшысы Боб Аруммен бірге жұмыс жасаған. Алайда, кейін аралары қатты суып кетті. Өшіккені соншалық, Арум оны шаршы алаңға 2,5 жылдай шығармай қойды. Қазір бір-бірін жек көретіні анық. Сондықтан, Майки Гарсия бүгінде Top Rank десе алыстан қашатындай жағдайға жеткен.
Айтпақшы, Боб Арум мен Эл Хэймонның да аралары жақсы емес. Жақында ғана Top Rank басшысы Хэймонды «өзге промоутерлермен байланыс орнатуға құлықсыз» деп айыптаған. Әккі Арумның айтуынша, РВС тек өз боксшыларын бір-бірімен жұдырықтастырып қана жүр. Расымен де солай сияқты. Мәселен, Майки Гарсия өзінің келесі жекпе-жегін 2019 жылдың 16 наурызында Хэймонның тағы бір клиенті жартылай орта салмақтағы Эррол Спенске қарсы өткізеді. Ал Спенспен төбелесуді көптен бері Кроуфорд аңсап жүр.
Мейлі, Майки Гарсия мен Василий Ломаченконың потенциалды текетіресіне қайта оралайық. Спенспен төбелесу үшін екі салмаққа жоғары көтеріліп, тіпті ІВҒ чемпиондық белбеуінен бас тартқан Гарсия бұл жекпе-жектің қалай аяқталатындығына қарамастан қайта төмен түседі дегенге сену қиын. Жартылай орта салмақта Шон Портер, Дэнни Гарсия сынды Хэймонның өзге де боксшылары жетерлік. Тіпті, қарсылас табылмай жатса, Мэнни Пакьяомен де «Шоутаймда» тамаша жекпе-жек ұйымдастыруға болады.
Ал Ломаченко Майкидің артынан қуып, екі салмақ дәрежесіне жоғары көтеріле қоймас. Мұны ол Педрасамен болған кездесудің алдында да айтты. Шынтуайтына келгенде, Василийдің дене-тұрқы да соншалықты үлкен емес. Жеңіл салмақтың боксшылары үшін де кішкентай. Ал екі салмаққа көтерілер болса, тіпті қиын болуы мүмкін.
Иә, осы жағдайлардың барлығын ескерсек, жеңіл салмақтың екі мықтысы жақын арада бір-бірімен кездеседі дегенге сену қиын. Шамасы, Майки Гарсия 16 наурыздан кейін Мэнни Пакьяомен жекпе-жек өткізуге тырысады. Ал Ломаченко 2019 жылдың көктемінде Ричард Коми мен Иса Чаниевтің қай жеңгенімен жеңіл салмақтағы ІВҒ чемпиондық белбеуіне таласады. Ал одан кейін Гарсиядан қалатын WBC белбеуін де қанжығасына байлаудың қамына кіріседі.
Әлбетте, мұның барлығы топшылау ғана. Қателессек, өкінбес едік.