Елеусіновтің екінші жекпе-жегінен не күтеміз?

2018 ж. 5 маусым
Елеусіновтің екінші жекпе-жегінен не күтеміз?

Ертең түнде Ұлыбритания астанасында өтетін жекпе-жек кешінде қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші айқасын өткізеді. Жерлесіміздің бұл жолғы жекпе-жегінен не күтуге болады?

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасын Нью-йоркте өткізген Данияр алты раундқа жоспарланған жекпе-жектің үшіншісінде қарсыласы Ноа Кидті нокаутқа түсіріп, америкалықтардың қошеметіне бөленген. Енді промоутері Эдди Хирн Елеусіновті Британия жұртшылығына таныстырмақ.

Жерлесіміздің Лондондағы жекпе-жегі де 6 раундқа жоспарланған. Әу баста қарсыласы венгриялық Габор Горбич (24-11, 14 КО) болуы тиіс еді. Алайда, жаттығулардың бірінде 30 жасар боксшы қабағынан жарып алды да, медиктер оның шаршы алаңға шығуына рұқсат бермеді. Сондықтан, промоутерлері жекпе-жекке екі күн қалғанда басқа қарсылас тауып, ертең Данияр Золтан Шабомен (23-11, 14КО) қолғап түйістіретін болды.

«Жабысқақ» деген лақап есімге ие Шабо да Венгрияның боксшысы. 24 жасар боксшының кәсіпқойда жүргеніне екі-ақ жыл болды. Екі жылдың ішінде 34 рет шаршы алаңға шығып үлгеріпті. Бірінші жылдың өзінде 16 рет жұдырықтасқан. Былтыр түйіндемесіне тағы 12 жекпе-жек қосты. Ал биыл жарты жылдың ішінде алты рет айқасқан. Яғни, бұл «Жабысқақ» үшін бокс бірінші кезекте табыс көзі екенін түсіну қиын емес. Жалпы, алғашқы тоғыз жекпе-жегін сәтті бастап, тоғызында да жеңіске жеткенімен кейінгі айқастары аса сәтті болмаған. Жеңістерімен бірге жеңілістері де қатар жүрді. Англияда бірінші рет жұдырықтасайын деп отырған жоқ. Бұған дейін «Тұманды альбионға» жеті рет келіп кеткен. Соның бесеуінде жеңілістің кермек дәммін татыпты. Ал соңғы жекпе-жегін өткен айда Венгрияда өткізіп, қарсыласын үшінші раундта нокаутқа түсірген.

Иә, бұл айқас та Даниярдың жеңісімен аяқталатынына ешкім де күмән келтірмейтін шығар. Ең басты сұрақ, «Шабо қай раундқа дейін шыдар екен?». Біздің болжам – 4 раунд. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Айтпақшы, Лондондағы жекпе-жек кешін тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Трансляция маусымның 6-сынан 7-сіне қараған түні сағат 01:55-те басталады.

Текст: Sadvakas Maikibayev