Елеусінов қарсыласын екі раундқа әзер шыдатты
Монте-Карлода өткен жекпе-жек кешінде жерлесіміз Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы бесінші айқасын өткізіп, никарагуалық қарсыласы Маркос Мохиканы үшінші раундта-ақ нокаутпен жеңді.
Қарсыласының қалай кәсіпқой бокста 20 жекпе-жек өткізіп жүргенін білмедік, оның 16-сын нокаутпен жеңгені тіптен таңғалдырарлық жайт. Өйткені, бірінші раундтан кейін-ақ жекпе-жекті жалғастырудан жүрексінетіні байқалды. Құдды бір, біреу шаршы алаңға қинап шығарып қойғандай, Даниярдың әр шабуылынан үркіп, қашқақтаумен болды. Екінші раундта екі нокдаун орын алды. Егер кезең тағы жарты минутқа жалғасқанда, онда никарагуалық боксшы сол жерде-ақ тұрмай кетер еді. Гонгтың үні ғана құтқарып қалды. Ал үшінші раундта Мохиканың барлық әлсіз тұсын біліп алған Елеусінов соққыларын үсті-үстіне жұмсап, бір рет нокдаунға жіберді де, екіншісінде жаны көзіне көрінген Маркосты рефери ғана арашалап қалды.
Алайда, Даниярдың да бұрынғы жекпе-жектеріне қарағанда жетіле түскенін айта кетуіміз керек. Бұрын әуесқойда жүргенде аяқпен көп секеңдейтін еді, қазір қарсыласының алдында нық тұратын болыпты. Аяқты әдемі қозғалтып, денесін мың құбылта бұратыны ұнады. Жұдырықты да бұрынғыдай жай ғана сілтеп қоя салмайды, әр соққысын күш сала жұмсайды. Әлбетте, бұл айқастан соншалықты үлкен қорытынды шығаруға болмайтын шығар, бірақ, жерлесіміздің әр жекпе-жек сайын сенімділігі арта түскені байқалады. Мұны промоутері Эдди Хирн да айтты.
– Әр айқас сайын Даниярдың шеберлігі мен тәжірибесі арта түсуде. Бұл қарқынмен Елеусінов жақын болашақта чемпиондық белбеулерге таласады, – деді жекпе-жектен кейін Эдди Хирн
Ал жерлесіміздің өзі үш тілде сұхбат берді. Дегенмен, Америка нарығын жаулағысы келсе, оған әлі де ағылшын тілін жетілдіре түсу керек екен. Ал менеджері Зия Алиевке қазақ тілін үйренсе артықтық етпес еді.