Ел қоржынына екінші алтынды Василий Левит салды

2020 ж. 12 наурыз
Ел қоржынына екінші алтынды Василий Левит салды
Фото - kfb.kz

Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирі аяқталды. Амман төріне керілген шаршы алаңға ең соңынан ауыр салмақтағы алыптар шықты. 91 келі салмақ дәрежесіндегі Василий Левит ел сенімін ақтап, финалда Жаңа Зеландия боксшысы Давид Никаны ұпай санымен жеңді.

Бірақ бұл жеңіс оңайшылықпен келген жоқ. Бірінші раунда Ника басым түсті. Левитке қарағанда – жылдамдау. Алға созған қолы тыным таппайды. Соққыларын діттеген жеріне тигізе алды. Алайда екінші раундта Василий қарқынын үдетті. Әрі өзі ұрады да, қарсыласын бірден құшақтап алып, ары-бері тартқылап, бар салмағымен басып, титықтата бастады.

Ең бастысы, Никаның ойлануына мұрша бермей, қоян-қолтық айқасуын жиілетті. Үшінші раундта басымдық танытып, мол тәжірибесінің арқасында күмәнсіз жеңді. Төрешілердің есебі бойынша 4:1 (29:28, 30:27, 28:29, 29:28, 29:28) есебімен басым болып, Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирінде жеңімпаз атанды.