Эррол Спенс VS Карлос Окампо – IBF өз қадірін өзі түсіріп жүрген жоқ па?
Бүгін таңертең АҚШ-тың Фриско қаласында бірінші жартылай орта салмақтағы IBF чемпионы Эррол Спенс мексикалық Карлос Окампомен жұдырықтасып, қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Енді қандай да бір айқасқа байланысты аңдатпа мақала дайындағанда мұқият болып, жекпе-жекке «Super battle» деп айдар тақпас бұрын шаршы алаңға шығатын қос тараптың да әлеуетін жан-жақты зерттеуге уәде беремін. Жоқ, бұған дейін де толыққанды сараптама жүргізіп барып, америкалық Эррол Спенс пен мексикалық Карлос Окампо көпшілікке тамаша жекпе-жек тарту етеді деп топшылаған едім. Мексикалық туралы асыра сілтеп жіберіппіз. Мойындаймын. Кәсіпқойда 22 кездесу өткізгенімен өз елінен ары асып, ешқайда шығып көрмегенін, ешқашан 12 раундтық жекпе-жек өткізбегенін және бұған дейінгі оппозициясы соншалықты мықты болмағанын ескеруіміз қажет еді. Жә, бұл енді маңызды емес. Дегенмен, мұндай боксшының қалайша Халықаралық бокс федерациясының әлемдік белбеуінен басты үмітті болып шыға келгеніне таңымыз бар. Әлде, IBF тұжырымын таңдап, рекордстарды қолдан көбейтіп алса болды, басты үмітті болып шыға келе ме? Расымен солай болып тұр ғой. Рейтингке де көз жүгіртейікші. Бірінші жартылай орта салмақтың үздік ондығында Эррол Спенстің ғана шоқтығы биік. Қалған Константин Пономарев (Ресей), Ламонт Питерсон (АҚШ), Луис Коллазо (АҚШ), Брэдли Скит (Ұлыбритани), Кудратилло Абдукахоров (Өзбекстан) сынды боксшыларды дәл қазір ешкім танымайды. Бұлардың бірі өздеріне әлі ат жасап үлгермеген болса, енді бірі карьерасын тәмамдауға жақын қалғандар. Бірақ, атағы тасып бара жатқан ешқайсысы жоқ. Міне, IBF белбеуіне осындай «ноунеймдер» таласып жүр. Бұдан кейін бұл ұйымның чемпиондық атақтары қай мықтыға қажет бола қойсын? Осындайда Геннадий Головкинді де түсінеді екенсің…
Иә, Фрискода өткен кездесу бірінші раундтан ары аспады. Бұл Окампоның АҚШ-қа алғашқы сапары болатын. Қатты қобалжып тұрғаны байқалды. Спенс шабуылдаған сайын блокпен қорғанудың немесе қарымта соққы жасаудың орнына басын бұқпалаумен болды. Ал америкалықтың соққысы бауырға тигені сол еді, екі бүктелді де қалды. Шынын айтқанда, не болғанын түсініп те үлгерген жоқпыз. Соққы да «аһ» еткізердей жойқын болмады. Қысқа қайырғанда, жекпе-жектен ләззат алып үлгермедік.
Ал Эррол Спенс енді келесі жекпе-жегінде Шон Портер мен Дэнни Гарсия айқасының жеңімпазына қарсы шаршы алаңға шыққысы келетінін айтты. Ал осы салмақтың ең үздігі Теренс Кроуфордпен болатын жекпе-жекті кемі 2-3 жыл күтетін секілдіміз.