Эфир қымбат па, әлде отандық арналар боксшыларымызды чемпион кезінде ғана қолдай ма?

2018 ж. 29 сәуір
Эфир қымбат па, әлде отандық арналар боксшыларымызды чемпион кезінде ғана қолдай ма?

Бүгін таңертең Данияр Елеусінов АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын үшінші раундта-ақ сұлатып салды. Жарқын жеңіс, әдемі айқас. Алайда, өкінішке қарай, бірде-бір қазақстандық телеарна бұл жекпе-жекті көрсеткен жоқ.

Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа 2016 жылғы Рио де-Жанейро Олимпиадасынан кейін-ақ назар аударған. Алайда, тәуекелге бара алмай көп жүрді. Лайықты промоутер табылмағаны тағы бар. Бағының жанғаны шығар, осы жылдың наурызында Даниярға бола Лондоннан Астанаға әйгілі Эдди Хирннің өзі ұшып келді. Бірден келісімшартқа отырып, боксшымыздың карьерасын жүргізуге келісімін берді. Ал арада екі ай да өтпестен Елеусінов АҚШ-қа аттанып, Дэниел Джейкобспен бір кеште жекпе-жек кешін өткізді.

Қарсыласы кәсіпқой шаршы алаңда жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген америкалық жас проспект Ноа Кидд еді. Жерлесімізге дейін төрт рет жұдырықтасып, үшеуінде жеңіске жеткен, екеуін құлатып, бір рет тең түскен. Алайда, Даниярдың қарқынына шыдай алмады. Үшінші раундта екі рет нокдаун алып, екіншісінде төреші 10-ға дейін санамай-ақ айқасты тоқтата салды.

Дегенмен, өкінішке қарай, бұл жекпе-жекті қазақстандық жанкүйерлер көре алған жоқ. Турасын айтқанда, отандық телеарналар Елеусіновтің дебютін көрсетпеді. Неліктен екенін арна басшыларының өздері айта жатар. Біз тек назымызды білдіреміз. Несін айтайық, спортшыларымызды қолдай білмейтін халықпыз. Олар бізге чемпион кездерінде ғана керек. Әйтпесе, басқасын айтпай-ақ қояйық, тым болмаса Олимпиада чемпионының кәсіпқой бокстағы жекпе-жегін көрсетуге болар еді ғой. Оның үстіне, Данияр атышулы Дэниел Джейкобстың өзімен бір кеште жұдырықтасты. Тым құрығанда еліміздің ең басты спорттық арнасы «Qazsport» үнсіз қалмауы керек еді. Мейлі тікелей эфирден көрсетпей-ақ қойсын, басқа уақытта қайталауын берсе де болар еді ғой. Эфир бос уақыт жоқ деп те айта алмайсын. Мәселен, ертең түскі уақытта Чемпиондар лигасының жартылай финалы аясында өткен «Бавария» – «Реал» және «Ливерпуль» – «Рома» ойындарының қайталауын көрсетпек. Ал 1 мамыр күні түстен кейін Головкин мен Альварестің және Қанат Ислам мен Брэндон Куктың былтырғы айқастарын қайталайды. Неге осылардың орнына Данияр Елеусіновтің дебютін көрсетпеске?

Жалпы, Даниярды мысал ретінде ғана алып отырмыз, әйтпесе кәсіпқой шаршы алаңдағы әр боксшымыздың жекпе-жектерін көрермендер іздеп жүріп көрер еді. Мәселен, Бекман Сойлыбаев бар, Батыр Жүкембаев пен Абылайхан Құсайынов, Айдар Шәрібаев, Бақтияр Эюбов, Әли Ахмедов, Иван Дычко сынды жігіттер де ірі жекпе-жектер өткізіп жүр.

Ал АҚШ-та арналар әр жекпе-жекке таласып, содан табыс табатын халге жеткен. Ұлыбританияда да солай, кез келген бокс кешінің басты ұйымдастырушысы болуға асығады. Жапония мен Аустралия да кәсіпқой бокстың трансляциясын басты табыс көзіне айналдырып алған арналар көп. Өкінішке қарай, бізде әлі сала кенже қалып келеді.

Былтыр тым болмағанда «Хабар» арнасы кәсіпқой бокс жекпе-жектерін тұрақты көрсетіп тұратын еді. Әдетке айналғаны соншалық, әр сенбі және жексенбі сайын рефлексті түрде осы арнаны қосатын едік. Биыл олар да көрермендерін жабырқатып жатыр.

Текст: Sadvakas Maikibayev