Джошуа VS Поветкин – Алыптар айқасында орын алуы мүмкін үш сценарий

2018 ж. 17 шілде
Джошуа VS Поветкин – Алыптар айқасында орын алуы мүмкін үш сценарий

Энтони Джошуа мен Александр Поветкиннің келісімшартқа ресми түрде қол қойғандары белгілі болды. Ұлыбританиялық боксшы аса ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуін қорғауы тиіс. 22 қыркүйек күні Лондонда өтетін жекпе-жектің сценариі қандай болуы мүмкін. Сараптап көрелікші.

Сценарий №1

Екі боксшының жасына мән беріңізші. Джошуа қарсыласынан тұп-тура 10 жасқа кіші. Яғни, Поветкиннің жасы 38-де. Күзде тағы бір жас қосып, 40-қа аяқ басады. Осы кезге дейін шаршы алаңда жүруінің өзі ерлік. Дегенмен, бұл жаста спортшының ақырындап шау тарта бастайтыны жасырын емес. Физикасы әлсірей бастайтыны тағы бар. Робот емес қой, соңына қарай шаршауы да мүмкін. Сондықтан, Джошуа ресейлікті соңына дейін шаршатып барып, жекпе-жектің шамамен 8-9-шы раундтарында қарқынын үдетеді. Ал одан арғысы Поветкиннің денсаулығына байланысты. Бәрі реферидің айқасқа араласып, Александрды ауыр нокауттан арашалап қалуымен аяқталуы ғажап емес.

Сценарий №2

Негізі, Поветкиннің жұдырықтасу мәнері инфайтерлерге тән. Яғни, қорғана жүріп, шабуылдайды. Дегенмен, дәл осы айқаста ресейлік боксшы бірінші раундтан бастап-ақ қарқынын күшейтуі мүмкін. Өйткені, жекпе-жек тағдырын соңғы раундтарға қалдырар болса, жас қарсыласының физикалық тұрғыда мықты болатынын ол да түсінеді. Дегенмен, күші қай раундқа дейін жететінін болжау қиын емес. Шаршап қалуы мүмкін. Оның үстіне, Джошуаның да қорғанысы мықты. Бойы да ұзын. Қорғана жүріп-ақ жекпе-жекті соңына дейін жеткізіп, ұпай санымен жеңіске жетуі әбден мүмкін.

Сценарий №3

Екі боксшы да бір-бірден нокаут алып жатса, таңғалмаңыз. Бірінші болып рефери Джошуаға есеп ашуы мүмкін. Өйткені, Поветкин бірінші минуттан-ақ қарқынын күшейтуі тиіс. Бірақ, британиялық боксшы дереу ес жиюы тиіс. Сөйтіп, айқастың екінші жартысында Александр бір емес, екі-үш рет құлап барып, техникалық нокаутпен ұтылуы ғажап емес.

Текст: Sadvakas Maikibayev