Джошуа Паркерді жеңді, енді Уайлдермен айқаса ма?
Уэльс астанасы Кардиффте наурыз айының басты жекпе-жегі өтіп, жаңа зеландиялық Джозеф Паркерді ұтқан ұлыбританиялық Энтони Джошуа аса ауыр салмақ дәрежесіндегі өзінің WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарына WBO белбеуін қосты.
Екі боксшы да бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген-ді. Энтони Джошуа 20 жекпе-жегінің бәрін де нокаутпен жеңген. Ал кәсіпқой боксқа Джошуадан бір жыл бұрын келген Джозеф Паркер 24 айқасының барлығында жеңіске жетіп, 18-інде қарсыласын құлатқан. Сондықтан, айқастың қызықты өтетіні анық еді. Соған қарамастан көпшілік британиялықтың жеңісіне бек сенімді болды. Бірақ, нокаутпен жеңе ме, жоқ әлде жекпе-жек 12 раундқа созыла ма? Міне, басты сұрақ осы еді.
– Алыптардың айқасы немен аяқталатынын болжау қиын. Бірақ, Джозеф басынан бейсбол битасымен ұрсаң да қыңқ етпейтін боксшылардың қатарынан. Оны нокаутпен жеңу мүмкін емес, – деген жекпе-жектің алдында әйгілі промоутер Боб Арум.
Расымен де, Паркердің басы тас екен. Қолы қаншалықты ұзын болса да, Джошуа оны есеңгірете де алған жоқ. Керісінше, кездесудің екінші жартысында самоалық боксшының шабуылы өтімдірек болды. Қарсыласына қарағанда бойы аласа болса да, бұқалар секілді алға ұмтыла берді. Осылайша бұл айқаста ешкім де құламай, төрешілер жеңісті британиялыққа берді.
Енді Энтони Джошуаға тек бір ғана белбеу жетпей тұр. Ол WBC чемпиондық белбеуі. Америкалық Деонтей Уайлдерге тиесілі. Осы екі алыптың айқасын күтіп жүргендер аз емес. Дегенмен, ресейлік Александр Поветкинмен кездеседі деп жүргендер де бар. Созбаламай, бірден Уайлдермен айқасқа шықса екен дейміз. Шын мықтылығы сол кезде білінер еді. Әйтпесе, Паркер оның да ет пен сүйектен жаратылғанын көрсетті.