Джордж Гроувстан оңбай жеңілген Крис Юбенкке қандай өзгеріс керек?

2018 ж. 18 ақпан
Джордж Гроувстан оңбай жеңілген Крис Юбенкке қандай өзгеріс керек?

Бәлкім келісерсіздер, бәлкім өз пікіріңіз бар шығар, бірақ меніңше Крис-Юбенкке әкесінен сәл алыстау жүру қажет секілді.

Кеше түнде Манчестерде өткен кәсіпқой бокс кешінде британдық қос мықты Джордж Гроувс пен кіші-Крис Юбенк жұдырықтасып, екінші орта салмақ дәрежесінде WBSS финалына жолдама алған алғашқы боксшыны анықтады.

Бірінші раундтан соңғысына дейін жекпе-жек тізгінін уысынан шығармаған Гроувс өз карьерасындағы өте тамаша айқастардың бірін өткізді. Төрешілер 117:112, 116:112 және 115:113 есебін тіркепті. Өз басым, бірінші төрешінің шешіміне толық қосыламын. Джордж екі емес, кемі бес раундты өз пайдасына шешкендей көрінді. Рас, Юбенк жиірек соққы бағыттаған. Бірақ, көбі ауа қармап жатты. Мұны жекпе-жектен кейін compuВox статистикалық көрсеткіші де айғақтап берді. Мәселен, Гроувс 398 соққы жұмсап, соның 117-сін дәл тигізсе, Юбенк 421 рет жұдырық жұмсап, соның 92-сін ғана дөп тигізе алған.

Шыны керек, кіші-Кристің де, Гроувстың да карьерасымен аса таныс емеспін. Рас, Чудиновтарды жеңгенін, Мартин Мюррей, Артур Абрахамдармен төбелескендерін «ютубтан» үзіп-үзіп көргенім болмаса, арттарынан аңдып жүрмеген едім., Дегенмен, Головкиннің басын жұлам деп жүрген Юбенктің жарнамасы сұмдық еді. Әкесі де әр бұрышта баласының қаншалықты мықты екенін айқайлап айтып жататын. Соған қарап Юбенктің расымен де адуынды боксшы екеніне сенім қалған ем, кешегі жекпе-жегі біржола көңілімді қалдырып, ол туралы ойымды түбегейлі өзгертті. Егер әлемде «антибоксинг» деген сайт болса, құлаштап соғам деп құлап қала жаздаған сәттерінің барлығын сол сайтқа арнайы анықтама ретінде салып қоюға болар еді. Оны кәсіпқой боксқа жаңа келген жігіттерге шаршы алаңда қалай жұдырықтасуға болмайтындығы жөнінде кеңестердің бірі ретінде пайдалануға болады. Жекпе-жектен кейін Насим Хамедтің пікірін оқып, толығымен келістім.

Түсініксіз чемпиондық белбеулері бар боксшыдан «Супермен» жасап, жаңа заманның боксшысы деп айдар таққан адамың осылай масқара болып жеңіліп жатуы көңілге кірбің түсірді. Юбенк өзі және әкесі ойлағандай мықты емес екен. Ол өз қиялындағы әлемде өмір сүріп жүр. Әйтпесе, мықты ештеңесі жоқ. Мен оның бұлайша таяқ жеп жатқанын көргім келмейді. Одан да карьерасын аяқтай салсын, – деген 90-шы жылдары жеңіл салмақта әлемнің үздік боксшыларының бірі болған Насим Хамед.

Дегенмен, Насим Хамед те, мен де қызып кеткен секілдіміз. «Карьерасын аяқтасын» деген артықтау шығар, әйтсе де, Юбенкке әкесін ауыстыру қажет секілді. Турасын айтқанда, әкесін емес, жеке бапкерін. Оның бапкері өзінің әкесі екенін жақсы білеміз. 90-шы жылдары орта салмақта әлем үздіктерінің бірі болған үлкен-Крис Юбенк өзінің ұлын да жаттықтырып жүр. «Жаттықтырып» дегеннен гөрі, «аздырып» деп айтқан дұрыс шығар. Әйтпесе, баласының әкесінен үйреніп жатқаны шамалы. Кешегі жекпе-жекте де, құдды бір, Голивудтың киноларындағы секунданттар секілді, камера алдында «түр жасап», актер бейнесіне енуі мұндай айқастарда еш көмектескен жоқ. Рас, мұны режиссерлер бағалаған шығар, алдағы уақытта өз киноларына да шақыруы мүмкін. Бірақ, үлкен-Крис Юбенктен актер де, бапкер де шықпайды екен. Сондықтан, бұл тандемде баласының әкесінен сәл алыс жүргені дұрыс секілді.

Ал Гроувс жарады. Екінші орта салмақтағы ең жойқын соққыға ие боксшы деп естуші едік, кеше соған көз жеткіздік. Өкінішке қарай, қолын ауыртып алған секілді. Тіпті, финалға қатыспауы мүмкін деп те жатыр. Расымен бұлай болса, боксшыға обал, WBSS абыройына нұқсан болар еді. Сондықтан, финалды сәл кеш қалдырып, айығуын күткен дұрыс-ау.

Текст: Sadvakas Maikibayev