Джейкобс VS Деревьнченко – «Головкиннің белбеуі» кімге бұйырады?

2018 ж. 26 қазан
Джейкобс VS Деревьнченко – «Головкиннің белбеуі» кімге бұйырады?

Осы жексенбі Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» аренасында америкалық Дэниел Джейкобс пен украиналық Сергей Деревянченко кездесіп, орта салмақтағы ІВҒ чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Геннадий Головкиннен тартып алған бұл белбеу қайсысына бұйырар екен?

Сөз жоқ, бұл орта салмақтағы ең ірі айқастардың бірі. Рейтингтегі орындарына мән бермеңіз. Бұл алдамшы нәрсе. Boxrec сайтында Джейкобс үшінші, Деревянченко 9-шы сатыда тұрғанымен екеуінің де деңгейі бірдей. Букмекерлердің коэффициенттеріне де назар аудармаңыз. Дэниелдің жеңісіне 1,4, Сергейдің жеңісіне 2,7 кэф беріп тұрғанымен украиналықтың жеңістен мүмкіндігі мол.

Кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, 10 қарсыласын нокаутпен ұтқан Сергей Деревянченко қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2012-2013 жылдары «Астана арландары» сапында жұдырықтасқан. Қазір ІВҒ рейтингінде бірінші орында тұр.

Дэниел Джейкобсты да жақсы білеміз. Былтыр көктемде Геннадий Головкинге лайықты қарсылас болып, тек төрешілердің шешімімен жеңілген. Кәсіпқой бокста алдағы қарсыласына қарағанда әлдеқайда тәжірибелі. Сонау 2007 жылдан бастап кәсіпқойда. Головкиннен бөлек, 2012 жылы ресейлік Дмитрий Пирогтан ғана жеңіліс тапқан. Жалпы, 36 жекпе-жек өткізіп, соның 34-інде жеңіске жетіпті. 29 айқасын мерзімінен бұрын аяқтаған. Бәлкім, тәжірибелігінен шығар, букмекерлер оған көбірек сеніп отыр.

Бір қызығы, жекпе-жек ресми түрде рәсімделгенге дейін екеуін де бір бапкер баптап келген. Былтыр Головкинмен болар кездесудің қарсаңында да Деревянченко Джейкобсқа көмектесіп, спарринг-серіктесі болды. Алайда, алдағы айқас кезінде Андре Розье америкалықтың бұрышында болатынын айтты. Әлбетте, екі шәкіртінің де барлық қыр-сырын жақсы білетін Розьенің нұсқаулары жекпе-жек кезінде Джейкобсқа көп көмек болатыны анық.

Оның үстіне, Дэниел украиналыққа қарағанда расымен де әлдеқайда тәжірибелі. Оныншы рет 12 раундтық айқасқа шығайын деп тұр. Әлбетте, бұған дейінгі тоғызының барлығын соңына дейін өткеріп шыққан жоқ. Тек үшеуінде ғана соңына дейін жұдырықтасты. Дегенмен, жаттығу барысында бәрібір 12 раундтық айқастарға дайындалғаны анық қой. Өз кезегінде Деревянченко үшін бұл бар болғаны үшінші 12 раундтық айқас болмақ.

Бірақ, украиналықтың әлеуеті көпшілік ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Осы айдың соңғы күнінде 33-ке толатын Сергей туған күніне үлкен сыйлық жасағысы келетіні де түсінікті. Егер жақын қашықтықта төбелесер болса, жеңіске Деревянченко жетуі әбден мүмкін.

Текст: Sadvakas Maikibayev