Деревянченко қалай Джейкобстан жеңілді?

2018 ж. 28 қазан
Деревянченко қалай Джейкобстан жеңілді?

Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде Дэниел Джейкобс пен Сергей Деревянченко орта салмақтағы ІВҒ чемпиондық белбеуін сарапқа салып, төрешілердің шешімімен америкалық боксшы жеңіске жетті.

115:112, 115:112, 113:114 – қапталдағы төрешілердің хаттамаларындағы есеп осындай. Бірінші раундтағы нокдаун олардың шешім жасауларына қатты әсер еткен тәрізді. Джейкобстың құлаштай сілтеген ауыр соққысынан кейін украиналық боксшы жерді қолмен тіреп, тепе-теңдік жоғалтып алды. Дегенмен, есін тез жиды. Ал одан кейін тізгінді қанша жерден өз қолына алуға тырысқанымен тәжірибелі Джейкобс қарсыласына еш мүмкіндік бермеді.

Әйтседе, жеңілістің бар себебін нокдауннан іздей берген де дұрыс емес шығар. Екеуара жекпе-жек туралы келіскен күні-ақ Деревянченко минуста қалды. Естеріңізде болса, бұған дейін екі боксшы да Андре Розьенің қарамағында бір залда жаттығып келген болатын. Алайда, шілде айында Розье тек Джейкобсқа көмектесетінін айтып, айқас барысында Дэнидің бұрышында болатынын мәлімдеген. Әлбетте, екі боксшының да бар артық-кемшілігін жақсы білетін маман жекпе-жек кезінде Дэниелге көп көмектескені анық.

Қалай десек те, Сергей барын салды. Оның үстіне, кешті Джейкобстың промоутері Эдди Хирн басқаратын «Матчрумның» ұйымдастырғанын ескерсек, белбеуге ие болу үшін украиналыққа қарсыласын қалайда нокаутпен ұту қажет еді. Басқа жағдайда төрешілер бәрібір жеңісті Деревянченкоға бермеуі мүмкін еді.

Джейкобс жеңді. Енді ол ІВҒ чемпиондық белбеуінің иегері. Жекпе-жектен кейін Сауль Альвареспен айқасқысы келетінін айтты. Алайда, Деревянченко екеуінің қарымта айқасы да қызық болар еді. Ал егер Розье реванш кезінде Сергейдің бұрышын таңдар болса, онда жекпе-жек тіптен қызық болуы мүмкін.

Текст: Sadvakas Maikibayev