Деонтей Уайлдердің келесі қарсыласы Тайсон Фьюри болуы мүмкін бе?

2018 ж. 3 шілде
Деонтей Уайлдердің келесі қарсыласы Тайсон Фьюри болуы мүмкін бе?

Энтони Джошуадан көңілі қалған америкалық алып Деонтей Уайлдер енді бар назарын Тайсон Фьюриге қарай бұруы мүмкін. Жақында «Цыған патшасы» бұл жекпе-жекке дайын екендігін айтты.

Екі жарым жылдай бокстан қол үзген Тайсон Фьюри жақында былғары қолғабын қолына қайта киіп, албаниялық Сефер Сефериді үшінші раундта-ақ техникалық нокаутпен ұтқан.  Алайда, бұл айқасты Тайсон өз активіне қоса алмайтын шығар. Өйткені, Сефер бірінші ауыр салмақтан келген боксшы. Соған байланысты, Фьюри де өзінің бар мүмкіндігін паш ете алған жоқ. Әлбетте, дәл қазір шаршы алаңға шығар болса, Деонтей Уайлдер оны жекпе-жектің ортасында-ақ құлатуы ғажап емес. Дегенмен, енді бір кездесу өткізіп, бабына келіп алса, Тайсон Фьюри қай боксшыңа болмасын, лайықты қарсылас бола алады.

– Деонтей, мен сенің жағдайыңды жақсы түсінемін. Джошуа мен оның промоутері Эдди Хирннің лақтырып кететінін білгенмін. Мен ондай емеспін. Келісімшартты толтыр да, маған жібер. Бес секунд, жоқ, ары кетсе бес минутта қол қойып жіберемін, – деп жазған Тайсон Фьюри.

Сондықтан, Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюри алдағы уақытта кездесіп қалуы ғажап емес. Оның үстіне, алдағы уақытта америкалық «Кинг-Конгқа» WBC чемпиондық атағын қорғауы қажет болады. Фьюридің бұл тұжырым рейтингінде үздік 15 боксшының қатарына кірмейтіндігіне қарамастан Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сүлеймен бұл айқасқа «батасын беруге» дайын екендігін білдірген.

– Тайсон Фьюри ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралып, маусым айында өз жекпе-жегін жарқын жеңіспен аяқтады. Сондықтан, алдағы уақытта WBC рейтингінен көрініп қалуы ғажап емес, – деді бұл туралы Маурисио Сүлейман.

Дегенмен, бәрі де Фьюридің келесі кездесуіне байланысты болмақ. Егер 18 тамызға бекітілген жекпе-жегінде мықты боксшымен шығып, оны жарқын жеңетін болса, онда жанкүйерлер Уайлдер екеуінің айқасын талап ете бастайды. Ендеше, бұл текетірес те уақыттың еншісінде секілді.

Неде болса, қызық болғалы тұр. Энтони Джошуа – Александр Поветкин, Деонтей Уайлдер – Тайсон Фьюри. Бәлкім, алыптар текетіресінің кішігірім әлем чемпионатын ұйымдастырып жіберерміз…

Текст: Sadvakas Maikibayev