Деонтей Уайлдер Усикке сес көрсетті
Абсолютті салмақтағы WBC чемпионы Деонтей Уайлдер украиналық Олександр Усикке ауыр салмақта қала беруге кеңес берді.
Айта кетейік, 91 келіде барлық белбеуді қанжығасына байлаған украиналық Олександр Усик соңғы кездері абсолютті салмаққа ауысуды аңсап жүр. Дегенмен, көптеген боксшылар мен сарапшылар оған қазіргі салмағында қала беруге кеңес береді. Бұлардың арасында украиналықтың потенциалды қарсыласы америкалық Деонтей Уайлдер де бар.
– Егер Усикте титімдей де ақыл бар болса, онда оған ауыр салмақта қала берген дұрыс. Абсолютті салмаққа ауысуға кеңес бермес едім. Салмақ жинаған сайын баяулай бересің. Ал соққың ауыр болады деген бос сөз. Бұған ол абсолютті салмақта нағыз мықтылармен кездескенде көз жеткізеді. Соңғы жекпе-жегін көрдім. Белью оған соққыларын әжептеуір өткізді. Ал Усик болса, тек қарсыласын сипаумен ғана жүрді, – деді Уайлдер.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы айқасында Олександр Усик британиялық Тони Бельюдің сегіз раундтың ішінде нокаутқа түсірген. Сол кездесуден кейін украиналықтың менеджері Усиктің абсолютті салмаққа ауысуы мүмкін екендігін айтып, алдағы уақытта Энтони Джошуаны шаршы алаңға шақыратындығын жеткізген.
Өз кезегінде Деонтей Уайлдер келесі айқасын 1 желтоқсанда Лос-Анджелесте британиялық алып Тайсон Фьюриге қарсы өткізіп, аса ауыр салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін қорғайды.