Даулы жекпе-жектің жалғасы: Консейсау-Фостер WBC атағы үшін реванш өткізеді
Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) бразилиялық Робсон Консейсау (19-2-1, 9 КО) мен америкалық О'Шаки Фостер (22-3, 12 КО) арасында реванш өткізу туралы шешімді тез арада қабылдады. Себебі екінші жеңіл салмақтағы (59 келіге дейін) қазіргі және бұрынғы әлем чемпиондары арасында бірінші кездесу дау-дамаймен аяқталды.
Ендігі кездесу 2 қараша күні АҚШ Нью-Йорк қаласында өтетін бокс кешіне жоспарланған. Боксшылар қайтадан екінші жеңіл салмақтағы (59 келіге дейін) WBC чемпиондық атағын сарапқа салады.
Шілдедегі алғашқы жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің Консейсаудың пайдасына берген шешімі өте даулы болды. Еске сала кетейік, Фостер дәл соққылар саны бойынша қарсыласынан едәуір асып түсті, бірақ соған қарамастан үш төрешінің екеуі жеңісті Консейсауға берді. Сол кездегі есеп: 116-112, 115-113 және 112-116.
Фостердің Консейсаудан соққы бойынша басым болғаны, төрешілердің қисынсыз шешімі, сондай-ақ жанкүйерлердің наразылығы жекпе-жекті «жыл тонауы» деп атауға себеп болды. Осындай жанжал туындап жатқанын көрген Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) комитеті болған оқиғаның мән-жайын зерттеп, боксшылар арасында жедел реванш өткізуге шешім қабылдады.
О’Шаки Фостер
Даулы жекпе-жекке дейін Фостер WBC нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы еді. Америкалық бұл атақты өткен жылдың ақпан айынан бері сақтап келген.
Консейсаумен болған жекпе-жекке дейін ол қатарынан 12 рет жеңіске жетіп, жақсы серияда келе жатқан болатын. Осылайша ол өзінің атағын үшінші рет қорғаған еді. Осы жылдың ақпан айында ол бірауыздан қабылданған шешіммен Абрахам Нованы жеңгенін де айта кетейік.
Бір қызығы, Фостер осы уақытқа дейін 8 жыл бойы жеңілмей келген еді. Ол қазір әбден ысылып, өзінің бабында және бүкіл дивизион үшін басты қауіп саналады. Оның аса ауыр соққысы болмаса да, өзінің өзгеше тактикасы бар. Мәселен ол жекпе-жектің бірінші жартысында қарсыластарын контршабуылдармен шаршатады, ал екінші кезеңде сәтті мүмкіндік болса, құлатуға тырысады.
Робсон Консейсау
Консейсау өзінің «жеңісіне» дейін WBC нұсқасы бойынша екінші жартылай жеңіл дивизион рейтингінде 1-орында тұрған. Осыған дейін де ол әртүрлі титулдар бойынша әлем чемпионы атағына үш рет үміткер болған.
Дегенмен даулы жекпе-жекке дейін ол 5 кездесудің екеуінде жеңіп, екеуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен еді. Консейсау Фостерге дейін 7-раундта Хосе Ортизді жеңіп, Эммануэль Наварретемен тең кездесу өткізген болатын.
Айта кетейік, 2021 жылға дейін Консейсау жеңілмей, қатарынан 16 рет жеңіске жетіп, керемет серияда келе жатқан. Алайда дивизионның ең мықты боксшыларымен кездесе бастағаннан бері сәтсіздіктерге тап болды.
Консейсау сөзсіз жақсы боксшы. Оның 2016 жылы, тіпті, Бразилияда өткен Олимпидада чемпион болғанын айта кетейік. Бірақ ол чемпиондық деңгейдегі спортшы емес деген күдік бар.
Алғашқы кездесу
Чемпион Фостер жекпе-жекті керемет бастап, алғашқы раундтарды сәтті өткізді. Консейсау Фостерге ілесе алмай, көп нәрсе байқамай, қарқын мен қашықтықты сезіне алмады. Сондай-ақ америкалық боксшының қорғаныстағы әрекеттері де өте жақсы.
Кездесудің ортасында үміткер болған Консейсау бірінші нөмірмен бокстасуға көшті, жайбарақат болса да, жан-жақтан соққы жасауға тырысты. Жекпе-жек барысы бірте-бірте теңескендей, өйткені Фостер тым пассив болып кетті. Дегенмен Консейсау жасаған әрекеттің тиімділігі әлі де өте төмен, себебі көп соққы дөп тиген жоқ. Алайда төрешілер бұл раундтарды қалай санайтыны әлі белгісіз еді.
Кездесу соңында Консейсау баланс жоғалтып алғандай көрінді. Чемпион оны сәтті контршабуылдауға көшкен еді. Оған себеп – үміткерге аса тез, шапшаң қозғалатын боксшыға қарсы тұру өте қиын. Сондай-ақ ол басымен соқтығысқаннан кейін қабағын жарып алды. Ол енді Фостерге шабуыл шасауды тіпті азайтты, бірақ финалдық раундтарды жақсы өткізді.
Шаршы алаңда гонг соғылды. Фостер біраз басымдықпен жеңіске жетуі керек сияқты. Төрешілер шешімі: 116-112 Консейсау, 116-112 Фостер және 115-113 Консейсау. Сөйтіп ешкім күтпеген жерден үміткер жеңіп кетті.