Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы келесі қарсыласы анықталды

2018 ж. 4 шілде
Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы келесі қарсыласы анықталды

Кәсіпқой бокстағы карьерасын сәуір айында бастаған 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің келесі қарсыласы анықталды. Тамыздың 4-і күні жерлесіміз Уэльс астанасы Кардифте үшінші жекпе-жегін өткізеді.

Қарсыласы – венгриялық Габор Горбич. Иә, таныс есім. Бұл боксшымен Данияр маусымның 6-сы күні Лондонда айқасуы керек болатын. Алайда, соңғы сәтте Горбич жарақат алып қалып, оның орнына Золтан Шабо шаршы алаңға шыққан еді. Бұл кездесу 6 раундқа созылып, нәтижесінде Елеусінов жеңімпаз атанған.

Жалпы, 30 жасар Горбич кәсіпқой бокста 2012 жылдан бері жүр. Бүгінге дейін 35 кездесу өткізген. Соның 24-інде жеңіске жетіп, 14 кездесуде нокаутпен ұтқан. 2016 жылы WBO тұжырымы бойынша аймақтық белбеуге таласқан. Алайда, британдық Лиам Уильмсқа қарсы тұра алмай, 10 раундтық айқастың сегізіншісінде нокаутпен ұтылған. Қазір Габор boxrec рейтингінде жартылай орта салмақта әлемде 641-ші сатыда. Бүгінге дейін Венгрия, Словакия, Аустрия, Бельгия, АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей сынды әлемнің тоғыз елінде шаршы алаңға шыққан. Дегенмен, соңғы кездері жолы болмай жүр. Нақты айтқанда, 2016 жылдан бері қарай 10 рет жұдырықтасу өткізіп, соның сегізінде жеңілістің кермек дәмін татты. Ал соңғы айқасында өзбек Шархом Ғиясовтан жеңілді.

Текст: Sadvakas Maikibayev