Данияр Елеусіновтің бесінші жекпе-жегін Қазақстанда тікелей эфирден көрсетеді

2018 ж. 23 қараша
Данияр Елеусіновтің бесінші жекпе-жегін Қазақстанда тікелей эфирден көрсетеді

Ертең Рио де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе-жегін өткізеді. Қазақстанда ұл айқасты тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді.

Бұған дейін екі рет АҚШ-та, тағы екі рет Ұлыбританияда шаршы алаңға шыққан Данияр Елеусіновтің бұл жолғы жекпе-жегі Монаконың Монте-Карлосында ауыр салмақтағы ресейлік Денис Лебедев пен америкалық Майк Уилсонның андеркартында өтеді. Даниярдың қарсыласы – 33 жасар никарагуалық Маркос Мохика.

2010 жылдан бері кәсіпқойда жүрген Маркос ғұмырында 20 рет шаршы алаңға шығып, 16 рет жеңіске жеткен. Тағы екі рет ұтылып, екеуінде тең түскен. Өзі бір рет нокаутпен ұтылып, 12 қарсыласын айқын басымдықпен жеңген. Бірақ, карьерасында ешқашан өз елінен тысқары жерде жұдырықтасып көрмеген. Барлық айқастарын Никарагуада өткізіпті. Ал соңғы үш кездесуінде отандасы Элвис Рамиреспен төбелесіп, үшеуінде де нокаутпен жеңіске жетіпті. Дегенмен, бұл үш жекпе-жек те екінші жеңіл салмақ аясында өткен.

Екеуінің жекпе-жегі сегіз раундқа жоспарланған. Айтпақшы, Даниярдың мұншалықты ұзақ қашықтыққа шабайын деп отырғаны бірінші рет. Бұған дейін тек 4 және 6 раундтық кездесулерге ғана қатысқан. Бірақ, бұл жолғысының қаншалықты ұзаққа созылатыны сол кезде белгілі болады.

Кеше осыған байланысты Монте-Карлода баспасөз мәслихаты өтіп, Елеусінов өзінің дайындығы туралы былай деп сұхбат берді.

– Дайындығым өте жақсы. Жекпе-жекке дайынмын. Монте-Карлода бірінші рет болуым. Маған бұл жер қатты ұнады. Жалпы, әр жақта жұдырықтасқан ұнайды, – деді Елеусінов.

Сонымен, Данияр Елеусінов пен Маркос Мохика арасындағы айқасты тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы арқылы тамашалауға болады. Трансляцияның басталуы уақыты – қарашаның 24-інен 25-іне ауған түні сағат 1:00.

Текст: Sadvakas Maikibayev