Данияр Елеусінов Ломаченко мен Педраса жекпе-жегіне болжам жасады
Олимпиада және Әлем чемпионы Данияр Елеусінов желтоқсанның 8-і күні АҚШ-тың «Мэдисон Сквер-Гарден» кешенінде өтетін украиналық Василий Ломаченко мен пуэрто-риколық Хосе Педраза жекпе-жегіне өз болжамын жасады.
Естеріңізге сала кетейік, WBA super және WBO чемпиондық белбеулері үшін өтетін айқасты Қазақстанда тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Трансляцияның басталуы – желтоқсанның 9-ы, таңғы сағат 8:00.
– Ломаченконы 2011 жылдан бері танимын. Олар бізге оқу-жаттығу жиынына келген. Кейін біз де Украинаға бардық. Содан бері араласып, хат алмасып тұрамыз. Кейін Лондон және Рио Олимпиадаларында да кездестік. Өте мықты боксшы. Әуесқой бокстың барлық қыр-сырын меңгерген. Кәсіпқой бокстағы карьерасын да тамаша бастады. Дегенмен, Хосе Педраза да жаман боксшы емес. Тәжірибелі боксшы, – деп бастады Данияр Елеусінов.
– Педразамен де таныссыз ба?
– Жоқ, Педразамен таныс емеспін. Бірақ, екі-үш жекпе-жегін көргенмін. Жалпы, әрдайым бокс көргенді ұнатамын. Тіпті, ол менің салмағымда болмаса да, мықты боксшылардың айқасынан өзіме керектісін түртіп отырамын. Маған Хосе Педразаның соңғы жекпе-жегі ұнады. Мексикалық Раймундо Бельтранды оп-оңай ұтқан. Дегенмен, өз басым Ломаченконың америкалық Джервонта Дэвиспен төбелесін көргім келеді. Өз кезегінде Дэвис өткен жылы Педразаны оңай жеңген.
– Екеуін де жақсы білесіз. Кім ұтады деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте, бұл – бокс. Мұндай жекпе-жектерде жүз пайыздық сенімділікпен анау ұтады немесе мынау жеңеді деп айту қиын. Дегенмен, менің де, көптеген букмекерлердің де фавориті – Ломаченко. Өйткені, кәсіпқой бокстағы 12 жекпе-жегінде үлкен тәжірибе жинап үлгерді. Сондықтан, украиналық боксшының жеңісіне бәс тігемін.
– Нокаут бола ма?
– Бәрі де мүмкін. Кәсіпқой бокстың қолғаптары жұқа келеді. Мұнда соққысы әлсіз боксшының өзі кез келгенді құлатуы ғажап емес. Қай раунд екенін айту қиын, бірақ, лаки-панч болып жатса, таңғалмаңыз. Әйтсе де, нокаутты Василий Ломаченко жасайды деп ойлаймын.
– Жалпы, жекпе-жектің өту барысын қалай болжайсыз?
– Ломаченко ұпай басымдығымен де жеңуі мүмкін. Бірақ, Ломаченкодан техникалық нокаут күтемін. Жекпе-жектің екінші жартысына қарай украиналық «Хай-Тек» Педразаның корпусын шұрқ тесіп, әбден шаршатады да, қарсыласының басына көшеді. Міне, сол кезде не техникалық нокаут болуы мүмкін, не Педразаның командасы айқастан бас тартуы кәдік.
Айта кетейік, Ломаченко кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, соның 11-інде жеңіске жеткен. Тоғыз қарсыласын нокаутпен ұтқан. Орландо Салидодан ғана жеңілген. Педразаның еншісінде 26 төбелес бар. Соның 25-інде қарсыласын басым түсіп, 12 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Тек былтыр Джервонта Дэвистен ғана ұтылған.