Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді

2018 ж. 7 маусым
Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді

Ұлыбритания астанасы Лондон төрінде өткен жекпе-жек кешінде қазақстандық Данияр Елеусінов венгриялық Золтан Шабодан басым түсіп, кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді.

24 жасар Золтан Шабоның статистикасына таңғалдық. «Жабысқақ» деген лақап атқа ие мадияр жігіті кәсіпқой боксқа 2016 жылы ғана келген екен. Даниярға қарсы кездесуді қосқанда кәсіпқой бокста 36 жекпе-жек өткізіп үлгеріпті. Бірінші жылы-ақ шаршы алаңға 16 рет көтерілген. Былтыр 12 рет жұдырықтасқан. Биыл сегізінші рет былғары қолғабын қолына киіп отыр. Даниярға дейін 4 күн бұрын өз елінде жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Жалпы, барлығы 36 айқастың 24-ін өз пайдасына шешкен. Оның ішінде 10 қарсыласын құлатқан.

Ай емес, аптасына бір рет жекпе-жек өткізіп жүрген боксшы, шынымен де, бабында екен. Даниярға қарсы айқаста тың көрінді. Рас, Олимпиада чемпионы деген дардай атағы бар емес пе, жерлесіміз жеңіс үшін барын салды. Кәсіпқой бокстағы тәжірибесі аздау демесеңіз, шеберлігі Шабодан әлдеқайда жоғары екені көрініп тұрды. Бастапқыда Золтан Шабо шаршы алаңның ортасын бергісі келмей, бірінші нөмірде жұдырықтасқан. Алайда, Елеусіновтің екпінді соққыларынан кейін қашқақтай бастады. Бесінші раундта нокдаун алып та қала жаздады. Бірақ, Даниярдың тәжірибесінің аздығы ғой, шабуылды соңына дейін жеткізбей, төрешіге қарап тұрып қалды. Әйтпесе, сол сәтте-ақ айқасты аяқтайтын мүмкіндігі болған. Әйтсе де, үш төреші де алты раундтың барлығын Елеусіновтің еншісіне жазып, Данияр кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді.

– Данияр қарсыласына, көрермендерге шеберлік сабағын көрсетті. Қазір көпшіліктің көргісі келетіні осындай жекпе-жектер. Айызымыз қана тамашаладық. Өкінішке қарай, қарсыласын құлата алмады. Бірақ, бұл маңызды емес. Басты айқастар әлі алда, – деді жекпе-жектен кейін Sky телеарнасына сұхбат берген Даниярдың промоутері Эдди Хирн.

Дәл сол сұхбат барысында Хирн жерлесіміздің келесі жекпе-жегінің де уақытын айтты. Енді Данияр шаршы алаңға 28 шілдеде оралады. Қарсыласы әлі белгісіз. Алайда, аса ауыр салмақтағы британдық Диллиан Уайт пен кубалық Луис Ортистің андеркартына ілігіпті. Жекпе-жек кеші Лондонның әйгілі О2 аренасында өтеді. Демек, жерлесіміз елге әзір оралмайтын секілді.

Текст: Sadvakas Maikibayev