Данияр Елеусінов қалай жыртқышқа айналып келеді…

2018 ж. 21 қазан
Данияр Елеусінов қалай жыртқышқа айналып келеді…

Кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін өткізген жерлесіміз Данияр Елеусінов америкалық Мэтт Доэртиді бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңді. Енді оны қарашада тағы бір айқас күтіп тұр.

Бостонда Деметриус Андраде мен Уолтер Каутондоква андеркартында айқасқан Елеусінов пен Доэрти жекпе-жегі бірінші раундтың соңғы минутында тоқтатылды. Мэттің көзінің аларып кеткенін байқаған рефери ортаға араша түсті.

Дегенмен, шыны керек, шаршы алаңдағы төреші жекпе-жекті қатты ерте аяқтағысы келгендей көрінді. Құдды бір, айқас алдында рефериге әйелі телефон шалып, «үйге ерте қайт» деп ұрысқан секілді әсерде қалдырды. Қайта-қайта Доэртиге қарағыштап, оңтайлы сәтті күтіп жүргендей болды. Әйтпесе, әлгі жерде де техникалық нокаут тіркемей, жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра беруге де болар ма еді, кім білсін.

Бір жағынан Мэтт Доэртидің де болашағын ойлаған жөн шығар. Экран сыртынан эксперт болу оңай ғой, кім біледі, егер рефери дер кезінде арашалап қалмағанда Доэртидің орнынан көтерілуі де қиын болар ма еді.

Әйтсе де, Елеусіновтің бұл жолғы жұдырықтасу мәнері ұнады. Бұған дейінгі айқастарынан 100 пайыз өзгеше. Бұрынғыдай құр алға ұмтыла беру деген жоқ. Әр шабуылын комбинациялық соққылармен жалғастырып, тек басты ғана емес, қарсыласының бауыр, өкпе, кеуделерін де түгендейтін болған. Бұрынғыдан қарқынды. Жай ғана жұдырықтаспайды. Нокаут іздеп жүр. Бір сөзбен айтқанда Данияр Елеусінов ақырындап кәсіпқой бокстың жыртқышына айналып келеді.

Енді оның келесі кездесуі 24 қарашаға жоспарланған. Монако астанасы Монте-Карлода өтеді.

Текст: Sadvakas Maikibayev