​Биволдың техникасы мен Бетербиевтің күші. Қай мықты абсолютті чемпион атанады?

2024 ж. 9 қазан
​Биволдың техникасы мен Бетербиевтің күші. Қай мықты абсолютті чемпион атанады?

12 қазанда Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) бокс жанкүйерлері үшін ең тартысты жекпе-жектің бірі өтпек. Бокс кешінің басты кардында екі ресейлік Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев арасындағы жартылай ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін жекпе-жек өтеді. Осыған орай Ringkz порталы арнайы шолу әзірледі.

Екі боксшы да өз дивизионында ешкімге дес бермей, барлық үміткерді сұлатып келеді. Сондықтан екі спортшының кездесуі тек уақыт еншісінде еді. Бұл жекпе-жектің тағы бір қызықты тұсы шаршы алаңда екі түрлі стильдің классикалық тартысы болады. Бивол-Бетербиев жекпе-жегінде жеңімпазды алды ала анықтау тіпті мүмкін емес, екі спортшының жеңіске жету мүмкіндігі тең. Дегенмен әр боксшының күшті әрі әлсіз тұсы бар, міне бүгін соларға нақтырақ тоқтала кетейік.

Дмитрий Бивол

Биволды "ойыншы" деп атауға болады. Биволдың басты қаруы - дистанция. Сондықтан ол өз жекпе-жектеріне жоспарды соның айналасында құрайды. Жалпы Бивол әуесқой бокста қалай дағдыланды кәсіпқой рингте те солай бокстасады. Ол өзі де бірнеше рет осы жайында айтқан еді. Көбі оны кәсіби рингтегі осындай қимылына күмәнмен қарайтын, бірақ қазір бәрі оның күшін мойындап үлгерді.

Биволға шаршы алаңда көмектесетін негізгі факторлар — жылдамдық, аяқпен дұрыс қозғалу, техника, сериялық соққылар, джеб және функционалды дайындық. Осының арқасында ол шабуыл жасап, дұрыс қорғанады. Бұл стильде әрекет ету үшін физикалық тұрғыдан барынша дайын болу керек, өйткені әркім тұрақты қозғалыста 12 раунд өткізе алмайды. Сонымен қатар, Дмитрий кездесу бойы көп соққы жасайды. Ия, бұл көбіне ұпай жинауға көмектеседі, бірақ бәрібір мұндай әрекет үшін көп күш қажет.

Әрине егер Бивол өздігінен керемет боксшы болмаса, бұл факторлардың бәрі ештеңе әкелмес еді. Оның талантты боксшы екенін жаттықтырушылар мен басқа әріптестері бірнеше рет атап өтті.

Канеломен болған жекпе-жек Биволдың қаншалықты мықты екенін барлығына көрсетті. Дмитрийдің қарсыластарын үстем болып, жеңу үшін бірінші нөмірде жұмыс істеудің қажеті жоқ. Бұл жөнінде боксшының өзі былай деп түсіндірді:

"Мен рингке шыққан кезде қарсыласымды құлатып түсу деген мақсат болмайды. Менің басты міндетім - қарсыласыма барынша ыңғайсыз жағдай жасау, сол кезде ол өзі жекпе-жектің тез аяқталуын қалайды. Ол бар күшін салып, ұрып-соғып, барынша тырысып жатқанда мүлт кетсе, сол маған ұнайды".

Кемшіліктер де бар - Биволды жарқырап көрінетін боксшы деп атауға болмайды. Оны қатыгез, қарсыласын құлатуға бар күшін салады деп айтуға келмейді. Дегенмен бұл Биволдың мәселесі емес.

Артур Бетербиев

Бетербиев бұл жекпе-жекте сәл андердог болып саналады. Алайда оның стилі Биволдікіне қарама-қарсы және қағаз жүзінде оның мүмкіндігі зор. Көптеген адам Артурды тек көп күшке ие панчер деп санайды, сондықтан да ол кез келген раундта қауіпті болады. Бұл шындық, бірақ Бетербиевтің бокс шеберлігін жете бағаламау — кез келген қарсылас үшін өлімге әкелетін қателік.

Жалпы, әрине, Артурдың 100% нокауттарын елемеуге болмайды. Бұл Бетербиевтің нокаутшы екенін көрсетеді және мұндай артықшылық қарсыластың басында болады. Соңғы жекпе-жекте Каллум Смит осындай ауыл шабуылдардан қатты қорқып, небәрі 7-раундта 95 джебті қалай өткізіп алғанын байқамай қалды. Артур өзінің нокауттарына қатысты былай дейді: "Қатарынан 20 нокаут? Барлық кездесуде қарсыласты құлату деген мақсат бар ма? Жоқ! Маған бұл маңызды емес. Тек жолым болды деп ойлаймын".

Бетербиевтің стилі тұрақты прессингке негізделген. Тіпті 39 жасында да қарсыластарын басу үшін функционалдығы жеткілікті. Иә, Артур кейде дем алу үшін кідіріп қалады, бірақ бұл оның жекпе-жекке ақылмен келетінін көрсетеді. Қарсыластарының күшті жақтарын теңестіруге бейімделгенін тағы бір тактика ұстанатынын байқатады.

Артурдың Биволмен кездесудегі басты міндеті - қашықтықты қысқарту. Бұл оңай болмайды, Бивол бұл сценарийден аулақ болуға тырысады, бірақ Бетербиев те бұған дайын болады. Артур бұрыштарды жақсы кеседі, бұл қарсыластардың қашып кетуіне жол бермейді, содан кейін қашықтықты тез қысқарта алады. Артур прессинг арқылы кез келген қарсыласын қысып, оны үнемі соққылармен шаршата алады.

Артур қарсыластың күші тезірек таусылуы үшін денеге де, басықа да соққы жұмсайды. Егер Артур клинчке түссе, онда ауыр-ауыр соққылар жасауы күмән тудырмайды. Оның басқа қасиеттері күш жойқын күштің көлеңкесінде қалып қойып жатады. Әйтпесе Бетербиевтің де жақсы футворкі, техникасы бар екені байқалады. Бұл оның әуесқой бокстағы базасы жақсы болғанын көрсетеді. Ол Биволмен тек бокстасатын болса, жеңіліп қалуы мүмкін. Сондықтан бұл оған қажет емес. Бірақ оның мақсаты бокстасу емес, қарсыласын жеңу.

Бұл жекпе-жектің ең керемет тұсы - интрига. Бивол ешқашан Бетербиев сияқты боксшымен кездеспеген. Екі боксшының қайсысы жеңіске жететіні әлі белгісіз, сондықтан бәрін тек ринг шешеді.