Бекман Сойлыбаев Ломаченко мен Линарестің айқасына “Ғасыр жекпе-жегі” деген баға берді

2018 ж. 14 мамыр
Бекман Сойлыбаев Ломаченко мен Линарестің айқасына “Ғасыр жекпе-жегі” деген баға берді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев Нью-Йоркте өткен Василий Ломаченко мен Хорхе Линарестің айқасына «Ғасыр жекпе-жегі» деген баға берді.

Естеріңізге сала кетейік, кеше таңертең Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде Василий Ломаченко мен Хорхе Линарес кездесіп, боксшылар венесуэлалыққа тиесілі жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық белбеуін сарапқа салған болатын. Алтыншы раундта Линарес украиналықты нокдаунға жібергенімен 10 раундта Ломаченконың сериялық соққыларының бірі қарсыласының бауырына қатты тиіп, жекпе-жек нокаутпен аяқталды.

– Рахаттанып көрген жекпе-жектерімнің бірі болды. Бір-біріне лайық екі мықты қарсылас кездесті. Мэнни Пакьяо мен Флойд Мейвезердің, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің айқастарын да тамашаладық қой. Бірақ, ол кездесулерде бірінші орында табыс жағы тұрды. Боксшылар жеңісті емес, ақша жағын көбірек ойлады. Ал Ломаченко мен Линарестің айқасы нағыз төбелес болды. «Ғасыр жекпе-жегі» деп ойланбай баға беремін, – деп бастады Бекман Сойлыбаев.

– Бұл жекпе-жекте Ломаченко қарсыласынан қаншалықты мықты бола алды?

– Екеуі де мықты. Бірақ, Ломаченко боксшы ретінде әбден жетілген. Қолмен де, аяқпен де жақсы жұмыс жасайды. Бокста ең ауыры – бауырдан тиген соққы. Ол өзінің эффектісін бірден бермейді. Әбден қинайды. Ал Василий бір емес, Линарестің ішінен бірнеше соққысын өткізіп, төртінші раундта да бүктете жаздады. Қайта шыдады. Көп ұрады. Сериялық соққылары өтімді. Дегенмен, Линарес те керемет бокс көрсетті. Украиналықты соншалықты басым болды деп айта алмаймын.

– Ал Линаресте жеңіске жететін мүмкіндік болды ма? Ұту үшін не жетіспеді?

– Бойы ұзын, қолы ұзын. Негізі, Линарестің де жеңіске деген үміті болды. Тіпті, төрешілердің де қағазында тең есеп тіркеліпті ғой. Оның бұрынғы жекпе-жектерін көрмеппін. Бірақ, кешегі айқасы ұнады. Соққыны жақсы қабылдап, қарымта жауапты дөп береді екен. Дегенмен, аяқпен көп қимылдауы қажет еді. Сондай-ақ, 6-шы раундта Ломаченконы құлатқаннан кейін ары қарай соққыларды төпелетіп, мәселені сол жерде-ақ шешіп тастау қажет еді. Тағы бір қосарым, Линаресте сериялық соққылар көп болмады. Артқы қолымен жақсы жұмыс істейді екен. Нокдаунға да солай түсірді ғой. Алайда, Ломаченконың қарқынына ілесем деп шаршап қалды.

– Енді Ломаченконы кім тоқтата алады?

– Жеңіл салмақта таңдау көп. Бойы екі метрге жететін Роберт Истермен жақсы жекпе-жек болады деп ойлаймын. Немесе бір салмақ төмен түсіп, WBC чемпионы мексикалық Мигель Берчельтпен де, Джервонта Дэвиспен де жақсы айқас болуы тиіс. Дегенмен, Ломаченконы тоқтата алатын тек Майки Гарсия ғана. Алайда, Гарсия мен Боб Арумның арасы жақсы емес. Сондықтан, Ломаченконың промоутері бұл жекпе-жекке жол бермеуі мүмкін.

Айта кетейік, бүгінде жаттығуын Астанада жүргізіп жатқан Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокста 12 айқас өткізіп, бәрін де ұтқан.

Текст: Sadvakas Maikibayev