Бейбіт Шүменов енді Мурат Гассиевпен төбелесе ме?

2018 ж. 9 шілде
Бейбіт Шүменов енді Мурат Гассиевпен төбелесе ме?

Күні кеше ғана қазақтың қайсар боксшысы Бейбіт Шүменов Астанада кәсіпқой бокстағы жиырмасыншы айқасын өткізіп, ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Енді логикаға салар болсақ, жерлесіміз келесі жекпе-жегін осы тұжырымның супер чемпионы ресейлік Мурат Гассиевке қарсы өткізуі тиіс. Бірақ, бұл кездесудің мүмкіндігі нөлге тең. Неге? Бірге сараптап көрейік.

Араға екі жыл үзіліс салып шаршы алаңға қайта оралған Бейбіт Шүменов WBA тұжырымы бойынша, ауыр салмақтың чемпионы атанып қана қоймай, boxrec рейтингінде бірден 27-ші орынға көтерілді. Маңыздысы ол емес. Енді Бейбіт осы тұжырымның үздік боксшысы атануға мүмкіндік алады. Ал WBA тұжырымы бойынша ауыр салмақтың үздігі Мурат Гассиев.

Бірақ, шыны керек, Шүменов үшін Гассиев жақын болашақта қолжетімсіз болары анық. Біріншіден, ресейлікке алдағы екі-үш жылда біздің Бейбіт аса қызық бола қоймайтын шығар. Бұл жекпе-жектің табыс әкелмейтіні өз алдына, жеңіліп қалу қаупі басым. Жеңсе де, Гассиевке бұл айқас абырой әпере қоймас. Оның орнына, дағыстандық Iron украиналық Олександр Усикке қарсы қарымта айқасты таңдайтыны сөзсіз. Ал WBA өз супер чемпионын күштеп шаршы алаңға шығара алмайды.

Усиксіз де ауыр салмақта Гассиевпен айқасуға ниет білдіретіндер жетіп артылады. Өткенде америкалық Эндрю Табити туралы әңгіменің қозғалғаны тағы бар. Одан бөлек, кубалық Майки Перес пен польшалық Анджей Фонфара да жанкүйерлер тарта алады. Тіпті, ешкім қалмағанның өзінде Мурат Гассиев бұған дейін айқасып кеткен соңғы үш қарсыласының кез келгенімен кездесе алады.

Ал Бейбіт Шүменовке бірінші кезекте чемпиондық атағын қорғау қажет. Бұл тұрғыда осы тұжырымның уақытша чемпионы Арсен Гуламирян бар. Сондай-ақ, халықаралық титулдың иесі ресейлік Максим Власовпен де төбелескенін көргіміз келеді. Ал егер поляк Криштоф Гловацки мен кубалық Юниерис Дортикосты шаршы алаңға тарта алып жатса, онда тіптен керемет болар еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev