Батыр Жүкембаевтың ертеңгі жекпе-жегінен не күтеміз?
Ертең Канаданың Квебек қаласында қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыржан Жүкембаев кәсіпқой бокстағы 13-ші жекпе-жегін өткізіп, WBC тұжырымының бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша Солтүстік Америка чемпионы атағына таласады. Жерлесімізден не күтеміз?
Қарсыласы – Джонатан Хосе Эниз. Кәсіпқой бокста тұп-тура 30 жекпе-жек өткізіп, соның жиырмасында жеңіске жеткен. Жеті қарсыласын нокаутқа түсіріпті. Дегенмен, 9 кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татып, біреуінде тең түскен.
Аргентиналық боксшы сыртқа өте сирек шығады. Бұған дейін тек бір рет айқасын шетелде өткізіп, 2016 жылы Мәскеуде жеңіліп қайтқан. Жалпы, кәсіпқой боксты спортқа емес, кәсіпке айналдырып алған боксшылардың бірі. Кім жекпе-жекке шақырса, сонымен жұдырықтаса береді. Бас тарту деген жоқ. Мәселен, былтыр алты рет шаршы алаңға шыққан. Ал 2016 жылы 9 рет рингке көтерілген. Яғни, әр бір жарым ай сайын жұдырықтасып тұрады деген сөз. Биыл да екі жекпе-жек өткізіп үлгерген. Обалы не керек, екеуінде жеңіске жеткен.
Квебекте өтетін жекпе-жек он раундқа жоспарланған. Боксшылар WBC тұжырымының бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша Солтүстік Америка чемпионы атағын сарапқа салады. Ал жерлесімізден не күтуге болады. Бұған дейінгі 12 айқасының 10-ын мерзімінен бұрын аяқтаған Батыр ертең де батырлығымен көзге түсіп, нокаутқа қол жеткізе алар ма екен?