Бәрі бітті ме, әлде тағы бір мүмкіндік бола ма?

2018 ж. 16 қыркүйек
Бәрі бітті ме, әлде тағы бір мүмкіндік бола ма?

Сіз күткен, біз күткен, бүкіл әлем күткен Лас-Вегастағы ғаламат айқас аяқталды. Нокаут емес, нокдаун да тіркелмеген жекпе-жекте Сауль «Канело» Альварес жеңіске жетті.

Екі жігіт те мықты екен. Ал Альварес уәдесінде тұрды. Бірінші кездесудегідей емес, бұл жолы он бірінші раундқа дейін бір қадам да кейін шегінген жоқ. Тіпті, бірінші нөмірде жұдырықтасып, Головкинді ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Шаршы алаңның ортасында тұрып алып төбелесті. Шынын айтқанда, былтырғы емес, міне дәл осы айқаста тең есеп тіркелуі керек еді, бірақ төрешілер…

Екеуінің де жұдырықтасу мәнері ғажап, екеуінің де бастары темір, екеуінің де қолдары күрзі. Қанша ауыр соққы тиіп жатса да, қыңқ еткен біреуі болмады. Тіпті, мылтықпен көздеп атсаң да, құламайтындай әсерде қалдырды. 12 раунд бойы бір-бірін аяған жоқ.

Мойындаймын, дәл осы жерге дейінгі жазбамды төрешілердің шешімі шықпай тұрып жазып қойған едім. Іштей тағы бір тең есептің болуын күттім. Бірақ, қапталдағы қазылар басқаша шешті. Екеуі Канелоның жеңісін тіркеп, біреуі тең есепті көрсетті. Көңіл-күй жоқ. 2010 жылдан бері сегіз жыл бойы әр белбеуін шыпшыған термен тапқан жерлесіміз барлық чемпиондық атағынан бір сағаттың ішінде айрылып қалды. Трансляция live қой, Геннадийдің кетіп бара жатқанын көрсетті. Бұрынғыдай емес, үстінде көк шапанымыздан басқа ештеңе жоқ. Тек бұғып емес, басын көтеріп кетіп барады. Әйтсе де, біздің күткеніміз бұл емес еді.

Ал Сауль Альварес Головкиннің барлық белбеуін тартып алып, бір-ақ сәтте The Ring, WBC, WBA және ІВО чемпионы атанды. Жекпе-жектен кейін Макс Келлерманның сұрақтарына жауап бере отырып, бұл жеңісті Мексиканың Тәуелсіздігіне тарту ететінін мәлімдеді. Бірақ, Геннадийге реванш беретіні туралы ләм-мим демеді. Демек, жекпе-жек трилогоияға ұласпайтын секілді.

Дегенмен, бірге тұжырымдайықшы, Головкин жеңіс үшін не істей алды? Бір жойқын соққымен құлатам деген сеніммен жүрді. Ал мұндай айқаста, оның үстіне Альварес сияқты мықтыны бір соққымен құлата алмайсың. Ол үшін бірінші раундтан бастап, соңына дейін қарқынды түсірмей, әр шабуылыңды жетесіне дейін жеткізуің керек. Қарсыласқа мүмкіндік бермеуің қажет еді. Рас, Big Drama show көрсетті. Бірақ, жеңіске жетпегеннен кейін мұндай Big Drama show-дың қажеті не? Иә, Головкинді жеңілді демейміз, алайда, жеңбегені де рас.

Текст: Sadvakas Maikibayev