“Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді” немесе Головкинге бұйырмаған белбеуді Андраде иеленді

2018 ж. 21 қазан
“Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді” немесе Головкинге бұйырмаған белбеуді Андраде иеленді

АҚШ-тың Бостон қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде америкалық Деметриус Андраде мен намибиялық Уолтер Каутондоква кездесіп, WBO тұжырымының орта салмақтағы жаңа чемпионын анықтады.

Бұған дейін ешкімге беймәлім болып келген Каутондоква Андрадемен болған айқасқа дейін 17 жеңіс өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Қатарынан 16 кездесуде қарсыластарын нокаутпен ұтқан екен. Дегенмен, бір рет Гана астанасында айқасып қайтқаны болмаса, өз елінен тысқары шығып көрмеген және мықты қарсыластармен кездесіп көрмеген.

Жекпе-жек барысында Каутондоква төрт рет құлап, нокдаун алды. Ал есеп – 119:105, 120:104, 120:104.

Нағыз бокстың қандай болатынын оған Деметриус Андраде көрсетті. Алайда, айта кетуіміз керек, бірінші раундта Деметриус тізерлеп қалған қарсыласын бір ұрғаны үшін бокс ережесі бойынша дисквалификацияға ұшырауы тиіс еді. Бірақ, төреші Каутондокваға есеп ашумен ғана шектелді. Қалай дегенмен, бұл Андраденің айқын жеңісі.

Негізі, әу баста америкалық боксшы британиялық Билли Джо Сондерспен кездесуі тиіс болған. Алайда, «Сығанның» ағзасынан допинг табылғандықтан Масачусетс штатының атлетикалық комиссиясы бұл айқасқа рұқсат бермеді. Сондерс бұл белбеуді сонау 2015 жылдың желтоқсанынан бері сары майдай сақтап, Головкинге бермей келген болатын. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», – деп атам қазақ осындайда айтса керек.

Текст: Sadvakas Maikibayev